Кейкі батырдың бас сүйегі бүгін таңғы сағат 04:50-де Мәскеуден арнайы бортпен елордаға жеткізілетінін естігендер Астанадағы халықаралық әуежайға жиналды. Алайда, бас сүйектің бұл уақыттан бұрын арнайы рейспен жеткізілуіне байланысты жиналған қауым оны салтанатты түрде қарсы ала алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің естіген ақпаратқа сүйенсек, батырдың бас сүйегі арнайы рейспен келіп жатыр. Осы орайда еліміздің танымал ғалымы, белгілі этнограф, профессор Нұрсан Әлімбай Ресейде бас сүйекті қабылдап алып, елге жеткізді деп естідік. Енді ғалымдар арнайы сараптама өткізетін болар. Батыр бабаның бас сүйегін салтанатты түрде қарсы алу керек еді, өйткені Астана әуежайына ел азаматтары, батырдың ұрпақтары мен туыстары келді. Бұл тұрғыда күндіз Үкімет ресми түрде өз мәлімдемесін жасайды деген ойдамын», - деді саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы.
Бұдан бұрын ол Фейсбуктегі парақшасында бүгін таңертең 04:50-де Мәскеуден арнайы бортпен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, 1923 жылы большевиктер қолынан қаза тапқан Кейкі батырдың бас сүйегі жеткізілетінін хабарлаған еді.
«Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы уағдаластық аясында Кейкінің бас сүйегі жеткізіліп тұр. Менің естуім бойынша арнайы комиссия құрылып, жерлеу мәселесін қарастырады. Сонымен қатар батырдың есімін қайта жаңғыртуға байланысты іс-шаралар қамтылып, алдағы уақытта нақты қай өңірде жерленетіні талқыға салынады. Әрине, халық пен батырдың туыстарының ойы екіге бөлініп тұр. Біреулер Астанадағы Ұлттық пантеонға, ал кейбіреулер Қостанай облысының Амангелді ауданындағы кесенеге қойылса деген тілектерін айтуда. Осы ретте бұл ұсыныстар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады», - деді Б.Әбдіғалиұлы.
Айта кетейiк, Кейкi батырдың басы Санкт-Петербордағы кунсткамерада ұзақ жылдар сақталып келдi. Биыл бұрынғы премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Ресейге жасаған сапарында көршi елдiң үкiмет басшысынан Кенесары хан мен Кейкi батырдың басын қайтару мүмкiндiгiн қарастыруды сұраған болатын.
1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде керемет ерліктер көрсеткен Кейкі батыр есімі қашан да халық жадында. Кеңес үкіметі тұсында билік тарапынан сұрмергеннің атын айтуға да тыйым салынды. Әйтсе де, ел өзінің ерен туған ұлын ұмытпады.
Бұған дейін хабарланғандай, бас сүйек елге әкелінген соң оны туған жері Торғайға, Амангелді ауылына жерлеп, Кейкі батыр кесенесін тұрғызу көзделген.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Қостанай облысы Аманкелді ауданының Байтума қопасында дүниеге келген.
Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған.
Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс - Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті.
1919 жылы 18 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Ақыры, 1923 жылдың көктемінде арнайы тапсырмамен өзін алдап қолға түсіруге келген комиссар А.Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралған Кейкі жолда оның шын ниетін сезіп қалып, Александр Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан қызыл әскердің солдаттары, оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейкі батырдың басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қояды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.
Кейкі батыр Көкембайұлының ұрпақтары Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы Кейкі батырдың 125 жыл толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды.