Бүгін Астанаға Рессейден Кейкі батырдың бас сүйегі әкелінді. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Ресей мен Қазақстан Үкімет басшыларының кездесуі барысында Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.
Сол келісімге сәйкес, бүгін таң ата қаншама жылдар бойы Петербург қаласында Кунсткамерада тұрған батырдың бас сүйегі Қазақстанға жеткізілді. Бұдан әрі қандай рәсімдер атқарылып, батырдың басын жерлеу жұмыстары қалай ұйымдастырылатынын назарда ұстайтын боламыз. Әзірге біз Кейкі батырдың басы елге қайтарылатыны туралы ақпаратқа орай туған Серік Ақсұңқарұлының шағын толғауын ұсынып отырмыз.
"Егемен Қазақстан"
Келе жатыр алтын Басы Кейкінің…
Жаудан жалғыз –
Шаһид кешкен дейтұғын,
Келе жатыр алтын Басы Кейкінің;
Масайраған оның мұнда жоғында,
Орман жұрты қала барды соңында.
Кеудесінде қалып қоймай зар әні,
Маңдай, шеке сүйегіне тарады;
Ата жаудан көңілі қалған, қайран, Бас
Арт жағына қайырыла бір қарады…
Белес, белес, белес деп,
Айдарынан сипағандай жел иіскеп;
Бас келеді тоқсан жылдай көрмеген,
Өз денесі
Өз көзіне
Елестеп!
Табанының астында қап тағылық,
Қасіретті қара түнді жамылып,
Бас… келеді тоқсан жылдай торығып,
Өр кеудесін!
Өкпе-бауырын сағынып!
Улап-шулап әлеуметтік желі кеп,
Демін ішке тартқан кезде төңірек,
Тоқсан жылдай екі көзі төрт болған,
Торғай жұрты қоя берді еңіреп…
Бас келеді баса-көктеп ғасырды,
Әлихан мен іздеп Қаныш…
Қасымды;
Қарай бермей жаутаң-жаутаң төменге,
Көкке қарай көтер, қазақ, басыңды!
Серік Ақсұңқарұлы