Сурет: Zakon.kz
Бүгін Парламенттің төменгі палатасы экономикалық қылмыстарды декриминализациялау бойынша талқылау өткізді деп хабарлайды «Ұлт Ақпарат».
Бірқатар заңдарға түзетулер мен өзгерістер енгізудегі негізгі міндет — экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау және салық саласында заң бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз болатын шекті анықтайтын әділ тетігін енгізу.
«Осы саладағы өкілетті орган Қаржы мониторингі агенттігін, сонымен қатар олардың негізгі субъектілері - кәсіпкерлерді шақырып, жекелеген экономикалық баптарды декриминализациялау туралы ақпарат беретін боламыз. Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Жолдауында кәсіпкерлікке қолдау көрсету сөз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде болуы керектігін айтқан. Сонымен қатар қылмыстық кодекстегі көптеген экономикалық баптардың заман талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, сынаған болатынмын. Осыған байланысты депутат ретінде бастамамен бірнеше экономикалық баптарды декриминализациялау туралы үкіметке жібердім, ол қазіргі таңда енді Мәжіліске түскелі жатыр», -деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу отандық қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге негізделеді. Заңнама және Сот-құқықтық реформа Комитетінің төрағасы Снежана Имашеваның сөзінше ізгілендіру бағыттарының бірі – кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау.
«Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бүкіл заңнама сипатындағы репрессивтіліктің төмендеуін білдіреді, бұл біздің қоғамның қазіргі кезеңдегі мүдделері мен талаптарына сәйкес келеді. Бұл түрмедегі азаматтарды азайту саясатын қарастырумен қатар, байланысты емес, сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде жаза қолдану мүмкіндігін көздейді», - деп отыр депутат.
Адвокат Дмитрий Куриченко қылмыстық Кодекстің 197 бабын қылмыс деп есептемейтінін айтады.
«Бірақ қазіргі уақытта бұл бап бойынша 733 адам қамауда отыр. Бұл іс бойынша 2500 арыз түскен, бірақ түгелге жуығы тоқтатылды. Бұдан онда неге іс қозғалды, кейін оны тоқтату үшін бе деген сұрақ туындайды. Бұл жерде жемқорлыққа белгілі бір деңгейде жағдай жасалған деп есептеймін.
Заң жобасы мұнай өнімдерін алу, игеру, сақтау, тасымалдауды шығу тегін заңдылығын дәлелдейтін құжатсыздығына қатысты. Бұл жерде шекті меже жоқ. 2015 жылы заңға өзгеріс енгізген кезде шекті межені алып тастаған. Яғни егер сіз канистрды багажда немесе қоймада сақтасаңыз немесе үйді жылыту үшін цистерне көмілген болса, әрине сізде құжат болмайды ғой. Себебі ол қандай құжат екенін ешкім білмейді ғой», - Дмитрий Куриченко.
Заң жобасы аясында Қылмыстық Кодекстің төрт бабын қылмыстық сипаттан арылту қарастырылған.
Кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану бойынша Қылмыстық Кодекстің 219 бабын әкімшілік заңбұзушылыққа ауыстырмай толықтай декриминализациялау қарастырылған.
Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасын бұзу туралы Қылмыстық Кодекстің 241 бабын әкімшілік заңбұзушылыққа ауыстыру арқылы ішінара декриминализациялау көзделген.
Экономикалық контрабандаға қатысты Қылмыстық Кодекстің 234 және кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару бойынша 236 бабын әкімшілік заңбұзушылыққа ауыстырмай қылмыстық сипаттан арылту ұсынылып отыр.
Анықтап айта кетсек, қылмыстық жауапкершіліктің басталу шегі аса ірі мөлшерге дейін көтеріледі. ҚК-нің 234-бабы бойынша шегі 10 000-нан 20 000 АЕК-ке дейін, ҚК-нің 236-бабы бойынша 5 000-нан 10 000 АЕК-ке дейін көтеріледі.