XYIII ғасырда Ресейдің Омбы қаласында жасақталған патша әскерлері Ертіс өзенімен қазақ жеріне еніп бекіністер салған. Солардың бірі подполковник Бухгольц бастаған экспедиция Кереку өңірін жаулап, Ресей империясының "отарлау саясатын" жүргізуге кіріскен.
Біздің жергілікті билік өткен 2016 жылы «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Александр Вервекин дегеннің ықпалынан шыға алмай, Керекуде солар ұйымдастырған "Ертіс күні" мерекесінде Омбыда құралған "Бухгольц жолдарымен" экспедициясының облысқа келуіне жол берді! Сөйтіп, патша әскерлерінің қазақ жеріне жасаған басқыншылық жорықтарын ықтиярлы я ықтиярсыз жария насихатталуына қолдау көрсетті! Соның нәтижесінде, әлгі экспедицияның 5 яхтасы мен жергілікті «Ермак» теплоходы өзендегі кемелер шеруіне қатысты. Бұл көріністі облыс әкімінің екі бірдей орынбасары: Н. Дычко мен М. Бегентаев және А. Вервекин, т.б. шенділер жұртшылықтан оқшауланған жайлы орынға жайғасып отырып тамашалады. Шарадан соң экспедиция мүшелері үшін аста-төк дастархан жайылды.
Мұның алдында А. Вервекин 1715 жылы Бухгольц әскерлері тұрғызған Ямышев бекінісінің орнындағы Ескі Ямышев ауылына "Бухгольц жолдарымен" экспедициясын апарып тұрғындармен кездесу өткізген еді. Облыс жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Наталья Нефедова солармен бірге барып, кездесуде сөз сөйледі. Экспедиция жетекшісі Игорь Вяткин де сөйлеп, алдағы уақытта осы өңірге қайта оралатынын жария етті...
Ертеңінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың ғимаратында «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің және "Бухгольц жолдарымен" экспедициясының мүшелері Павлодарда дайындалған «Ертіс және оның бекіністері» атты деректі фильмнің тұсаукесер шарасын өткізді. Соңында А. Вервекин кинотуындыны қонақтарға сыйға тартты.
Жуырда облыстың бас идеологы Мейрам Бегентаевпен телефон арқылы сөйлескенімде, "Ертіс күні" мерекесіне биыл тағы да омбылық қонақтардың келетінін айтты. Әлгі Игорь Вяткиндер ме, әлде басқалар ма?.. Оны нақтылаған жоқ.
Сонымен, алдағы уақытта «Павлодар география үйі» қоғамдық бірлестігінің басшысы Александр Вервекиннің ұйымдастыруымен тағы да "Ертіс күні" мерекесі өткізілмек!.. Бас идеолог былтырғыдай соның ықпалында кете ме, жоқ па?.. Уақыт көрсетеді!
PS: Егер Ресей Федерациясында губернатордың идеология бойынша орынбасарына қандай да бір қоғамдық ұйым басшысының ықпал етуі нәтижесінде "Тоқтамыс хан жолдарымен" немесе "Наполеон жолдарымен" экспедициясының Мәскеуге бару оқиғасы орын алса, өз басым обләкімдіктегі шенуніктердің іс-әрекетіне түсіністікпен қарар едім...
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы