Фото; okg.kz
«Әр аудан өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жетуі тиіс». Кентау қаласының даму жоспарларын тыңдаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады.
Облыс әкімі шаһарды дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Қаланың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, өндіріс орындарын ашуға күш салуды, инвестиция тартуды, туризмді қолға алуды тапсырды.
Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.
– Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бірақ, әлі де ірі жобалар жоқтың қасы. Қаланың өндірістік әлеуетін көтеру – уақыт талабы. Шаһардың дамуына тың серпін беретін жобалар қажет. Әкім әмбебап болу керек. Ел үшін жұмыс істеп жатқан әр қызметкер әділ, турашыл, халықшыл болуы шарт. Тәжірибе, білім, кәсібилік талап етіледі. Жетпесе, үйреніңіздер. Көрші елдерге барып, тәжірибе жинаңыздар. Оқудан, білім алудан ешқашан жалықпау қажет. Әр аудан, қала өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай жағдайға жетуі тиіс. Қазына қаржысына тәуелділікті төмендетіп, ішкі және сыртқы инвестицияларды тартуда үздіксіз жұмыс істеңіздер. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
9 айдың қорытындысымен Кентаудың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 61 млрд. теңгені құрады. Қала әкімінің айтуынша, 2030 жылға дейін жергілікті кірістер көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. 2023 жылы қалаға 46,7 млрд. теңге инвестиция тартылған болса, 2024 жылы оның көлемін 50 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Биылғы 9 айда нақты 17,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Кентау қаласының аумағында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге тартымды, пайдалы қазбаның зерттелмеген және пайдаланылмаған жеткілікті қоры шоғырланған. Қала аумағында орналасқан арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймағының мүмкіншіліктерін және еңбек потенциалын ескере отырып, дамытудың негізгі бағыты ретінде өнеркәсіп саласында тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріледі. Өзге салалар бойынша да тиісті жұмыстар атқарылады.