Видео кадр
Түркістан облысы Кентау қаласында қымызханада болған газ жарылысы салдарынан ауыр жарақат алған 20 жастағы Бақдәулет Мұса ауруханада көз жұмды. Оның денесінің 90 пайызы күйіп қалған. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындары оқиғаға жауаптылардың әділ жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайғылы оқиға 1 қаңтар күні болған. Газ баллонының жарылуынан дәмханада өрт шығып, аспаз болып жұмыс істеген Бақдәулет пен 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы ауыр күйік алған. Өкінішке қарай, қыз оқиға орнында қаза тапса, Бақдәулет 8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, 9 қаңтар күні түнде көз жұмды.
Марқұмның туыстары дәмханада өрт сөндіруге арналған құрал болмағанын айтады. Олардың сөзінше, отқа оранған жігітті сол сәтте қымыз құйып өшіруге мәжбүр болған.
Бақдәулет Мұса – алты балалы отбасындағы төртінші бала. Ол Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде дене шынықтыру мамандығы бойынша 3-курста оқыған. Марқұм дәмханаға аспаз болып жұмысқа орналасқанына небәрі бір ай болған.
