25 мам, 2017 сағат 09:59

Кеншілердің зейнет жасын кеміту қажет - АрселорМиттал

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калонның айтуынша, бүгінде кәсіби кеншілердің көбі Ресейге көшіп жатыр. Себебі ол жақта тау-кен саласында істейтін мамандар үшін зейнет жасына ертерек шығуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, кәсіби мамандар алыс және жақын шет елдерге көшіп жатыр. Өйткені басқа жерде әлеуметтік жеңілдіктер көп. Осының салдарынан Қазақстан маман тапшылығы проблемасына тап болып отыр. Бізге де оңай емес. Мәселен, Қазақстанда зейнетке 63 жаста шығады. Ал Ресейде тау-кен жұмысшылары 54-те зейнеткер бола алады. Сол себепті кәсіби маманға көрші Ресейге көшіп бара салған тиімді. Адамдар бұны жақсы біледі. Осыған байланысты біз Қазақстан үкіметіне xат жолдап, тау-кен саласында істейтін жұмысшылардың зейнет жасын кемітуді ұсындық», - деді Калон бүгін Астанада өтіп жатқан VIII Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Оның айтуынша, аса ауыр өндірістерде, әсіресе, жердің астында көмір қазып жүрген жұмысшыларға 25 жылдан кейін зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беру керек.

«Сонда 20 жастағы кенші 45 жаста зейнеткерлікке шыға алса, ары қарай өз білімін жетілдіріп, жұмыс істей алады. Әрине, аталған мәселені жан-жақты зерделеп, тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Дегенмен, бір нәрсе анық, осы шараны қолға алмасақ, кәсіби мамандарды өзімізде ұстау қиын болады», - деп атап көрсетті АрселоМитталдың бас директоры.