Құтқарушылар Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда орталығында өрт болған жерден 53 адамның мүрдесін тапқан. Бұл туралы ТАСС жедел штабқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Кинотеатр аумағынан тағы 5 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың жалпы саны 53 адам», - деді штаб өкілі.
Сондай-ақ, ол ауруханаға 12 адам жеткізілгенін, ал зардап шеккен 36 адамға амбулаторлық көмек көрсетілгенін мәлім етті.
Штабта хабарланғандай, қазір 16 адам іздестіріліп жатыр. «Олар төртінші қабат опырылған кезде үшінші қабатқа түсіп кеткен кинозалдарда болуы мүмкін», - деп түсіндірді агенттіктің дереккөзі.
ТЖМ басшысының орынбасары Владлен Аксенов бұдан бұрын 48 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді.
«Үш кинозалдың екеуі төртінші қабаттан үшінші қабатқа опырылып түсті», - деді ол.
Ресей ТЖМ басшысы Владимир Пучков мұның ең қиын жұмыс участогы екендігін атап өтті.
«Мен іздеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша екі участок құруды тапсырдым», - деп мәлім етті ол.
Бұдан бұрын «Зимняя вишня» сауда үйінде шыққан өрттен 37 адамның қаза тапқаны хабарланған еді. Тағы 43 адам зардап шеккен.
Жедел штабтан сауда орталығындағы өрттің сөндірілгенін хабарлады.