Кемероводағы «Зимняя вишня» сауда үйінде адамдардың қаза болуына байланысты аймақта аза тұту күндері басталды, деп хабарлайды ТАСС.
«Аза тұту күндері 27 наурыздан 29 наурызға дейін созылады. Бұл туралы өкімге жергілікті губернатор Аман Төлеев қол қойды. Аза тұту күндері Кемерово облысы мен Ресей Федерациясының барлық мемлекеттік тулары түсіріледі. Барлық телерадиокомпанияларға ойын-сауық бағдарламаларын тоқтату ұсынылды. Олар ерікті түрде жарнамаларды, қаралы күн сипатына сай келмейтін музыканы эфирден алып тастауда», - деп хабарлады жергілікті әкімшіліктің баспасөз қызметінен.
Аза тұту күндері облыстағы муниципалды кинотеатрлар да жұмыс істемейді.
Кузбасстан басқа Рязань облысы да қайғылы оқиғаға байланысты аза тұту күндерін жариялады.
Еске салайық, 25 наурыз күні Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» сауда үйінде өрт шығып, соңғы деректерге сәйкес 64 адам қаза тапты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.
ҚР СІМ-нің мәліметінше, өрттен көз жұмғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
27 наурыз күні 13 баланың туыстары олардың мүрделерін танығандығы хабарланды.