29 шіл, 2025 сағат 12:24

Келесі жылдан бастап әкімдердің KPI жүйесіне жұмыспен қамту көрсеткіші қосылады

Фото: Үкімет

Олжас Бектенов тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайтып, әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі – уақытша жұмыспен байланысты екеніне назар аудартты. Мұндай тәсілдің халықты жұмыспен қамтуда тиімділігі төмен.

«Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген. Жалпы алғанда, орталық мемлекеттік органдардың, өңір әкімдіктері мен бизнестің өзара үйлесімді, бірлескен жұмысы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.


Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр салалық министрліктер мен әкімдіктерге келесідей тапсырмалар берді:

- Еңбек министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлік жұмыспен қамту карталарында көзделген еңбек нарығының негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.

- Өңір әкімдері тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алсын.

- Ұлттық экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2025-2027 жылдары іске асырылатын жобалар бойынша барлық деректерді мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінде орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ келесі жылдың басынан бастап халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған аудан және қала әкімдерінің KPI жүйесін енгізу қажет.

- Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін мемлекеттік органдар мен бизнестің деректерін біріктіріп, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бірыңғай цифрлық жүйені қалыптастыруға тиіс.