2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының Ұйымдастыру комитеті сайтында бекітілген спорт түрлерінің тізімін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Осылайша, тізімнен карате, бейсбол және софтбол алынып тасталды.
Олардың орнына Ойындар қатарына брейк-данс, сонымен қатар спорттық құзға шығу, скейтбординг және серфинг қосылады.
Соңғы үш спорт түрін Халықаралық олимпиада комитеті Токиода өткен Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосқан болатын.
Ұйымдастыру комитеті бұл шешімнің нақты екенін және енді өзгермейтінін мәлімдеді. Таңдау жасарда комитет әлеуметтік желілердегі спорт түрлерінің жастар арасындағы танымалдылығына сараптама жасады.
Дегенмен Бүкіләлемдік карате федерациясы бұл спорт түрінің әрі қарай Ойындар тізімінде қалуға лайықты екенін мәлімдеді.
«Біз әлемге каратенің бірегей спорт түрі екенін дәлелдеп, Олимпиада бағдарламасына тұрақты спорт түрі ретінде қосылуға лайықты екенімізді көрсеттік. Карате Олимпиадаға әлем бойынша спорт жанкүйерлері бағалайтын құндылықтарды әкелді», - деді WKF президенті Антонио Эспинос.
Ойындар тізімінен каратені алып тастау шешіміне Олимпиада чемпионы Стивен да Коста қарсылық білдірді. Ол 37 килограмға дейінгі салмақта жеңімпаз атанған.
«Мен көп жаттықтым. Фаворит атандым. Францияға алтын әкелдім. Мен туды жоғары көтердім. Сол үшін де өте бақытты болдым. 2024 жылы сіздердің қолдауларыңызбен Парижде титулымды қорғағым келеді», - деп жазды спортшы Twitter-де.
Еске сала кетейік, карате алғаш рет Олимпиада бағдарламасына Токиодағы ойындарда қосылды. Бұл отандық каратешілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцеваға Қазақстан үшін екі қола алып келуге мүмкіндік берді.