Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ұжымы Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылық көмек көрсетті, деп хабарлайды атаған жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары су тасқыны кезінде қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету үшін бір күндік еңбек жалақыларын аудару жөніндегі жоғары оқу орны басшылығы мен кәсіподақ комитетінің ұсынысын бірауыздан қолдады.
«Біз күнделікті жаңалықтардан апат салдарының қалай жойылып жатқанын көріп отырмыз, осы өңірдің тұрғындарының қайғысына ортақпыз. Адамдар баспанасыз қалды, мүліктерінен айрылды. Осындай қиын тұста бүкіл ел олармен бірге екендігін сезінген өте маңызды», - деп атап өтті Философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова.
Ешбір кафедра, ешбір оқытушы, университеттің ешбір бөлімі тыс қалған жоқ. Университет қызметкерлерінің материалдық көмегі арнайы қаражат есебіне аударылды, қаражат жинау жұмысы одан әрі жалғастырылатын болады.
«Біз зардап шеккендерден алыстамыз, алайда осы жиналған қаражат оларға қандай да бір жәрдем болар деп үміттенеміз. Су тасқынынан зардап шеккен аудандарда біздің кейбір оқытушыларымыздың туысқандары мен таныстары тұрады, сондықтан да біз олардың қайғысын жеке басымыздың қайғысындай қабылдаймыз», - деді Журналистика факультетінің доценті Марлан Негізбаева.