Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер мен түлектердің «Мәңгілік ел» қақпасының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Алматы қаласының әкімі Б.Байбек, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Рио Олимпиадасының чемпионы Д.Баландин, ЖОО Түлектер қауымдастығының президиум мүшелері, оқытушылар мен студенттер, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты. Белгілі қоғам қайраткерлері, университеттің танымал түлектері – ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қ.Уәлиев, ақын О.Сүлейменов, ҚР мемлекет қайраткерлері – К.Сағадиев пен А.Арыстанбекова, «Forbes» шығарушысы А.Байтасов, меценат Н.Смағұлов және басқалар кештің қадірлі қонақтары болды.
«Алматы – біздің тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Бұл – ел дамуының табысты жолын айқындаған маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданған қала. Алма қаласы әрбір адамның жайлы өмір сүруі үшін құрылған. Алматы – жастық жалынның, жаңа инновациялардың қаласы. Оның даму жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алар орны ерекше, себебі біздің қаламыздың әрбір үшінші студенті осы университетте білім алады. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қуатты Қазақстанды құруға қатысуда. Салтанатты қақпа – бүгінгі таңда біз түнде жарықтандырған қаланың 33-ші нысаны. Бұл күн тарих еншісіне айналады, сонда біз түлектердің жетістіктерімен мақтанатын боламыз», – деп Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ҚазҰУ ұжымы мен студенттерін құттықтады.
Ақын Олжас Сүлейменов: «Мен Сіздерді осынау керемет архитектуралық туындының ашылуымен құттықтаймын. ҚазҰУ қалашығының жалпы көрінісімен тамаша үйлесіп тұрған салтанатты қақпаның әсемдігі көздің жауын алады. Бұл – жастар үшін білім әлеміне апаратын алтын қақпа», – деп өз әсерін бөлісті.
Салтанатты қақпа Мемлекет басшысы, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын бейнелейтін және Алматы қаласының тағы бір көрікті мекеніне, білім мен ғылымның символына айналатын ҚазҰУ қалашығы жаңа архитектуралық кешенінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
«ҚазҰУ қалашығында қақпаны тұрғызу идеясы университет түлектерінің қолдауымен және сол азаматтардың ерікті салымдары арқасында жүзеге асты. Салтанатты қақпа отансүйгіштіктің, ел тәуелсіздігінің өркендеуі мен нығаюының терең мағынасын білдіреді. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына және ҚазҰУ-дың халықаралық зор жетістіктерінің құрметіне салынды», – деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.
Архитектуралық жоспарға сай ҚазҰУ-дың басты қақпасы университеттің орталық аллеясының аумағын көмкеруші доға тәріздес классикалық пропилейлер пішінінде жасалған. Салтанатты қақпаның алдыңғы жағы ұлттық нақыш пен ҚазҰУ символын қолдану арқылы классикалық үлгіде әрленген. Пропилейлер де классикалық ордерлік декормен безендірілген және нысан антикалық дәуірдегі ғылым бастауын бейнелейді.
Айта кетерлігі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қаланың архитектуралық және стильдік кейпін көркейтуде, көркем әрлеу мәселесінде Алматы қаласымен ортақ саясатты ұстанады.
Студенттер мен түлектердің салтанатты қақпасы – «Мәңгілік ел» идеясымен біріктірілген бірегей құрылымның құрамдас бөлігі. Оның негізгі композициялық желісі қақпадан, әл-Фараби ескерткішінен, «Темір қазық» монументі мен «Тайқазан» су бұрқағы орналасқан алаңнан тұрады. Қалашық аумағын көркейтуде университеттің орталық алаңын «өткеннен болашаққа ғылым жолы» қағидасымен салу жоспарланған.
Ұлт порталы