«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы болып Сәкен Сәрсенов тағайындалды. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев хабарлады.
"Бүгін Сәкен Сәрсенов «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды.
Еліміздің ақпараттандыру және телекоммуникация саласын дамытуға үлкен үлес қосқан майталман маман - Сәкен Сейтжаппарұлы өзінің жылдар бойғы тәжірибесін жаңа қызметте де тиімді пайдаланарына сөзсіз сенімдімін", -деді Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Сәкен Сейітжаппарұлы Сәрсенов 1977 жылы 2 ақпанда дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеді, Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша басқарушы директоры сынды лауазымды қызметтер атқарды.
Сонымен қатар, Бас прокуратура құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Байланыс және ақпарат вице-министрі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы болып еңбек етті.