26 қазанда Алматыдағы SmArt.Point коворкингінде Қазпоштаның е-коммерция орталығы ашылды. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов өзінің Facebook парақшасында жазды.
«Мұнда біздің мамандар қалағандарға өзінің интернет-дүкенің ашумен қатар аутсорсингте байланыс орталығын, сату бөлімін, фулфилмент қызметін, логистика, бухгалтерлік сүйемелдеу, фото мен видео түсірілім, жарнамалық материалдарды дайындау сияқты қызметтерді ұсынады. Сонымен қатар әлемдік интернет-алаңдарында тауарларыңызды орналастыруға көмектеседі», - деп жазады С. Сәрсенов.
Электронды сауда орталығының ашылуына интернет-дүкен иелері мен болашақ электронды саудамен айналысуды жоспарлаған азаматтар қатысты. Онда Қазпоштаның фулфилмент-орталықтарының мүмкіндіктері мен бизнес қауымдастық үшін CRM-жүйесін енгізудің маңыздылығы туралы айтылды.
«Біздің серіктестер – digital және интернет-маркетинг бойынша мамандар онлайн-сауданың тиімді құралдары мен интернет-дүкендердің сауда бөлімінің негізгі міндеттері туралы айтты», - деді Басқарма төрағасы.
Оның сөзінше, мұндай орталықтар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен Қазпоштаның трансформациялық жоспарының аясында ашылуда.
Айта кетейік, елімізде е-коммерцияны дамыту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Электрондық сауданы алға жылжытуға арналған мемлекеттік бағдарлама да бар. 1-ші қаңтардан бастап кәсіпкерлер төлемді онлайн формат арқылы жүзеге асыратын болады.