05 жел, 2024 сағат 11:54

"ҚазМұнайГаз" ереуілдеген "Өзенмұнайгаз" мұнайшыларын жұмысқа шығуға шақырды


Фото: sputnik.kz


"ҚазМұнайГаз" ереуілге шыққан "Өзенмұнайгаз" АҚ қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.


3 желтоқсанда "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесті. Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды:


Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек.


Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда, жұмысшыларға ҚМГ және ӨМГ тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды.


Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.


Алайда ӨМГ БЖБ кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты.


"Қазақстан заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуге тиіс екенін хабарлаймыз", - деп атап өтті компания.


"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ осыған дейін әр талап бойынша толық түсініктеме берген болатын. Мысалы, ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзады.


"Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады", - деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".


Сондай-ақ ҚазМұнайГаз компаниясы ӨМГ қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат берді. ӨМГ мен үш кәсіподақ арасындағы ұжымдық шарт 2024 жылы 25 сәуірде жасалды. Ұжымдық шартқа сәйкес ӨМГ қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 44 млрд теңге қарастырылған, соның 5 млрд теңгесі (11%) компанияның Бұрғылау жұмыстары басқармасына арналған.


"ӨМГ-де еңбек етуге жақсы жағдай жасалған деп есептейміз, әрбір қызметкерді әлеуметтік қолдауға жыл сайын 3,8 млн теңге бөлінеді. БЖБ жұмысшыларын жұмысқа шығуға және келіссөзді бітімгерлік комиссия аясында жүргізуге шақырамыз", - деп түйіндеді компания.


Еске салайық, 12 қарашада "Өзенмұнайгаз" жұмысшылары ереуілге шығып, компаниядан зейнеткерлікке шыққан немесе денсаулығына байланысты жұмысын жалғастыра алмайтын мұнайшылардың балаларын жұмыспен қамтамасыз етуді талап еткен болатын.


Сондай-ақ олар еңбекке жарамсыз деп танылған және өз еркімен зейнеткерлікке шыққан 55-58 жас аралығындағы жұмысшыларға 600 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) төлеуді талап етті.