14 қаз, 2020 сағат 07:58

Қазба байлық саудасынан түсетін қаражатты адами капиталды дамытуға бағыттау қажет - Мейрам Бегентаев

Табиғи қазба байлықтардың саудасынан түсетін қаражатты адами капиталды дамытуға бағыттағау керек. Мұндай пікірді С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент Мейрам Бегентаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз бүгін болашақ даму негізін қалау үшін табиғи қазба байлықтардың саудасынан түскен кірістерді тиімді пайдалануымыз керек. Оның есебінен адами капиталды дамыту қажет. Бұл іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше көңіл бөлді. 

Осыған байланысты жоғары білім беру орындарың қызметі бәсекеге қабілетті кадрлар даярлаудан бөлек, кәсіпкерлердің жаңа толқынын қалыптастыруға бағытталады. Президент тапсырмасына сәйкес, «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Мектептен - ЖОО-ға дейін білім берудің барлық деңгейінде оқытылуы керек. Мемлекет басшысының сөздері С. Торайғыров университетінің алға қойған даму стратегиясына қолдау және осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда қосымша жауапкершілік жүктейді», - деді Мейрам Бегентаев.

Ректор Жолдауда айтылған ел экономикасын шетелдік инвестициялар есебінен тұрақтандыру бастамасына қатысты пікір білдірді. 

«Шетелдік инвестиция – экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың бір жолы. Дегенмен, біз инвестиция экономикалық және қаржылық тәуелділікке апармас үшін сенімді серіктесті дұрыс таңдауымыз керек. Басқа жағынан қарасақ, пандемия дамыған мемлекеттердің ірі жұмыс берушілерге қатысты коммерциялық кәсіпорындарды мемлекет бюджетінен қаржыландырудан оңай бас тарта алатынын көрсетті. Сондықтан серіктестерімізге қатысты иллюзияға бой алдырмай, тек өзімізге сенуіміз керек. Өзіміздің қабілет-қарымымызға қарай артықшылықтарымызды дамыту маңызды. Сонда еңбекті бөлудің халықаралық нарығынан барынша пайда көреміз», - деп пікір білдірді Мейрам Бегентаев. 

Еске сала кетейік, коронавирус індетіне байланысты елімізде қойылған шектеу шаралары біртіндеп алынып, ел экономикасының барлық саласында өсім тіркеле бастады. Бұл туралы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалған Үкіметтің селекторлық отырысы барысында мәлім болды.