- «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ «ҚТ Сирек металл компаниясы» бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің жарғылық капиталындағы өзінің 51% қатысу үлесін сататынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бағаны төмендету жолымен өткізілетін электронды аукцион 2016 жылғы 21 желтоқсан күні Мемлекеттік мүлік реестрінің www.gosreestr.kz веб-порталында, Астана уақытымен сағат 11:00 басталады. Кәсіпорынның жарғылық капиталындағы 51% қатысу үлесі үшін сұралатын бастапқы баға 98 673 000 теңге.
«Сирек металл компаниясы» бірлескен кәсіпорнының бастапқы қызметі сирек және сирек жер металдар, сирек жер металдардан жасалған өнімдер шығарумен және оларды сатумен байланысты болған. Қазіргі кезде «ҚТ Сирек металл компаниясы» БК» ЖШС «Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында қуаты 42,9 МВт-тық «Форт-Шевченко» жел электр станциясы (ЖЭС) құрылысы» жобасымен ғана шұғылданады.
ЖЭС құрылысы үшін аумағы 190 га жер учаскесі 49 жылға жалға рәсімделіп, техникалық шарттар мен энергия желісіне қосу үшін келісім алынған. БҰҰ даму бағдарламасының тапсырысы бойынша үстіміздегі жылы ЖЭС алаңында 50 м биіктіктегі желге өлшеулер, топографиялық жұмыстар мен геологиялық-техникалық ізденістер жүргізіліп, станцияның тұжырымдамалық жобасы әзірленді.
Айта кетерлік жәйт, аталмыш жоба «2013-2020 жылдарға аналған Қазақстанда баламалы және жаңғыртылатын энергетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысына енген.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ үстіміздегі жылы өз құрамындағы 20 бейінді емес активті шығарып, еншілес-тәуелді ұйымдар санын 55-ке дейін қысқартты.