03 нау, 2025 сағат 17:05

"Бұл не заман болып бара жатыр?": Депутат жасанды интеллектен қорқатынын айтты

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев жасанды интеллекті жаппай қолдану адамдарды деградацияға апарады деп есептейді. Бұл туралы депутат Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды Ult.kz

"Мен өз басым жасанды интеллектке өте абай қараймын. Шын мәнінде, кейде қорқамын. Себебі мына интеллектуалдық деградацияға апарудың жолы бұл. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, бұл не заман болып бара жатыр? Сонда біз әлем жасанды интеллект жасады екен деп, соңынан ере береміз бе? Біздің қазақылығымыз қайда? Біздің өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндіктерді ашатын жолдар қайда? Өткен жолы бір шенеунік ChatGPT дегенге өзінің материалдарын салып отыр. Сондағы оның мақсаты бастығым тезірек басымнан сипаса екен, берген тапсырманы тезірек орындайын деген. Ол миындағы қатпарларын қозғалтқысы келмейді. Бұл "алма піс, аузыма түс" деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Ал енді ChatGPT-дің әр жағында кім бенефициар? Ол материалды жинап, ертең өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл?", – деді депутат.


Осылай деген депутат Цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады. 

"Министрліктерде, мемлекеттік органдарда жасанды интеллектің пайдалануын кім қадағалап жатыр? Қайда ол қадағалау? Бар ма, жоқ па? Қаншама материалдар кетіп қалған. Ертең соның бәрін өзімізге қарсы пайдаланбасын кім біледі?", – деді мәжілісмен.


Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннің сөзінше, осы жылдың аяғына дейін бүкіл мемлекеттік органдарда 50-ге жуық жасанды интеллект шешімдері ассистент ретінде әзірленетін болады. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Дәурен Алшериев депутат көтеріп отырған мәселе өте маңызды екенін айтты. 

"Осы заң жобасында тәуекелге әкелетін сұрақтардың басым бөлігін жабуды қарастыруымыз керек. Негізі жаңа технология енгізілгенде тәуекелдер барлық кезде болады", – деді ол.


"Біз ол заңды алдағы уақытта қабылдай жатармыз. Бірақ дәл қазір шектеу қою керек", – деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.