Қоғамдық көлікте келе жатқанбыз. Бір кезде «Томирис, қазір түсеміз, дайындал!» деген дауыс елең еткізді. Ішімізден «Томирис дегенше, неге Тұмар қоймады екен?» деп ойлағанымыз да жасырын емес. Гректер «Тарих атасы» атаған Геродот еңбектерінде сақтың әйгілі патшайымын Томирис атайтыны шындық. Алайда, даламызға көз тігіп келген әйгілі парсы патшасы жиһангер Кирдің басын қан толы торсыққа салып: «Сенің аңсағаның қан еді ғой, енді тойғаныңша іш» деген сөзімен бүкіл Еуропаны дірілдеткен айбынды патшайым Тұмар есімі 5-6 сыныптарға арналған Қазақстан тарихы оқулығында да Томирис болып жүргені өкінішті-ақ. Әйгілі патшайымның Тұмар есімін қайтаратын кез жеткен сияқты.
ТӨҢКЕРІС ДЕП АТ ҚОЙДЫҚ…
Осы ой түрткі болып, қазақ балаларының есімі туралы ойлана бастадық. Шындығында, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қазақ есімдері мықтап «реформаланған» екен. Мәселен, бір кездегі Қойшыбай, Жылқыбай, Ботагөз, Танагөздерді Төңкеріс, Революция, Социал, Демократ, Маркс, Энгельс сияқты саяси-қоғамдық мәні бар есімдер алмастырыпты. Париж Коммунасының құрметіне Коммунар атанғандар да бүгінде арамызда жүр.
Егіз балаларды Максим және Горький атағанды да көргенбіз. Үкімет, Кеңес, Жеңіс, Советхан, Советбектер де – сол заманның естелігі.
ЫРЫМҒА СЕНГЕН ХАЛЫҚПЫЗ
Қазақ – өте ырымшыл халық. Әсіресе, баласы тұрмай, қайта-қайта шетінеп кеткен жандар қалай да дүниеге келген шақалағының ғұмырлы, бақытты болуы үшін қандай қадамға болсын баратыны айқын. Мәселен, баласы тұрмаған әйел өз үйінен емес, басқа үйден жеңілденіп, баласы көп бәйбішені кіндік шеше қылып, бір қап тезекке сатып алатын да ырым болған. Сатыпалды, Тауыпалды, Аллаберді, Құдайберді, Тәңірберді есімдері – осының айғағы. Тіптен, баласы тұрмаған соң, жүкті екенін жұрттан жасырып, төркініне барып жеңілденіп, баласын ел кезіп жүрген қайыршыға беріп, оған қалағанын беріп, өз баласын қайта сатып алған, өле-өлгенше «балам» деп маңдайынан сипамай, өз баласына жақындауға жүрегі дауаламаған аналарды да білеміз.
Сонымен қатар, сәбиі шетіней берген соң орыстың есімін беріп, «орыс көп пе, орман көп пе? Орыс сияқты көп жұртты, ұзақ ғұмырлы болсын» деп тілеген жандар да баршылық. Бір таңданарлығы, сол ырымдар өзін-өзі ақтағаны. Шмидт, Лиза, Катерина, Николай атанған сол балалар үбірлі-шүбірлі, бақытты ғұмыр кешіп жатқаны да рас. Бала тұрмағасын Итемген, Ләйке және басқа да есімдермен аталған жандар да арамызда жүр.
ОҚИҒАЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ АТАЛҒАН…
Әлемде небір таңғаларлықтай оқиғалар күн сайын болып жатады. Кейде ата-аналар сондай бір оқиғаларға үн қосу мақсатында дүние есігін ашқан сәбиге есім береді. Съезбек, Съезхан, Саммит, Саммитхан, Олимпиада, Сайлаубек сияқты саяси науқандарға арналған есімдер де тілімізді, ұлттық ерекшелігімізді қойыртпақтандырып жібергені айқын. Майдан, Герой деген есімдер де осы мағынаны білдіретіні сөзсіз. Алайда, ата-аналар сәбиге есім бергенде ойлануы қажет-ақ. Адамның болашағы есіміне де байланысты екенін психологтар әлдеқашан дәлелдеген.
Асыл дініміздің алтын діңгегі Мұхаммед с.ғ.с. Пайғамбарымыз да алдына «өмірім қиыншылыққа толы, қайтсем жолым ашылады?» деп барған адамға «Есіміңді өзгерт» деп кеңес берген екен. Олай болса, сәбидің атын қоюда өкінішке ұрынбаудың жолын ойлайықшы, ағайын!
Төртемді Аман, Есен, Тұрар, Мекен деп те атай береді. Әлбетте, бұл сияқты ізгі ойдан туған қазақы есімді естігенде жүрек жылып, жұртшылықтың жақсы қабылдайтыны да даусыз. Жүрсін, Тұрсын, Тоқтасын деп үшемді атаса, қызы көп отбасы Дәметкен, Жаңылсын, Жаңылдық, Ұлдай, Ұлмекен деген есімдерді де жиі қояды. Бұның өзі халқымыздың оптимистік көзқарасын, алдағы күннен жақсылық күтуін де білдіреді емес пе? Шындығында, осындай ат қойған қыздардан соң міндетті түрде дүниеге көптен күткен ұл келіп, шаңырақты шаттыққа бөлейтіні де бар.
ҰЛЫЛАРҒА ҰҚСАСЫН ДЕП ЕДІК…
Кейде құлаққа тосындау естілетін есімдер есте ұзақ сақталады. Бірде Мұхтар Шаханов деп аталатын сәбиді кезіктірдім. Ал, бір отбасында ұл-қыздардың бәріне қазақтың біртуарларының аты-жөні сол күйінде еншіге беріліпті. Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев деп шақырғанда әлгі балалар жетіп келеді. Алғаш естігенде тосырқағанмен, соңынан құлақ үйреніп те кетеді екен.
Шыңғыс хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан дегенді де көріп жүрміз. Бұл жерде хан — титулдық атақ. Осыны да ата-аналар ескере бермейді. Негізгі есім – Шыңғыс, Абылай, Әбілқайыр. Алайда, орысша, басқа тілде ат қойғаннан гөрі осылай атаған да қазақтың дүниетанымына жақын екені кәміл.
ӘДІЛІМІЗ АДЕЛЯҒА АЙНАЛДЫ
Балаға ат қоюда бүгінгі ата-ана тілімізге үлкен нұқсан келтіріп отыр. Мәселен, Әділ – Аделя, Әмір – Амир, Амира, Әсем – Асема, Әнел — Анеля болып қойыртпақтандырылуда. Осы жерде айтқымыз келгені Әділ, Әділет негізінен ұл балаларға қойылады. Ал, Аделя деген ешқандай мағынасыз ат қыз балаларға лайықталып жүр. Немесе «Әмір, Амир» деп ұл балалар, «Амира» деп қыз балалар аталуда. Амира қандай мағына береді? Осыны елге түсіндіріп беретін адам табылар ма екен?
Қара сөздің қаймағын қалқыған халқымыз небір ғажап есімдерді ұрпағына лайықты деп санаған. Мәселен, Гәкку, Іңкәр, Айкөркем, Нұржан, Аяулым, Азамат, Арайлым, Бақдәулет, Нұрберген деген қазақы аттың қандай кемдігі, олқылығы бар?! Қайта, мағынасын түсініп, сол есімді иеленген адамға зор құрметпен қараймыз, сүйсініп тұрамыз. Тіптен, қаншама ұлы ата-бабаларымыз бар? Бұқар, Махамбет, Исатай, Алпамыс, Қамбар, Гүлбаршын, Назым, Жібек деп неге қоймаймыз шақалақтың атын? Рухымыздың биіктеуі үшін, ұлтымыздың жаһандану кезеңіне жұтылып кетпесі үшін керек қазақы есімдер. Ұлты қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра есімі басқа тілде аталған жаннан қандай қазақылық күтеміз? «Қазақбайды – Коля» дегенде ұтарымыз не? Ал, ұтыларымыз ақиқат.
- S. Адамның есімі оның болашағына да әсерін тигізеді екен. Сондықтан, дүние есігін жаңа ашқан шарананың атына мән бергеніміз дұрыс. Бәзбіреулер «ұлы болсын, мықты болсын» деген тілекпен есімі елге әйгілі тұлғалардың, атақты әншілердің, спортшы, саясаткерлердің атымен атап жатады нәрестесін. Ал, ол адамның өмір жолында қандай қиындыққа тап болғаны, тағдырдың қандай теперішін көргені тек өзіне ғана аян. Ал, жаңа туған сәбиге өзгенің тағдырын қайталатқанда табарымыз не? Осыған да ой жүгірткен абзал. Ұрпағымыздың есімі оның нұрлы болашағын, жарқын өмірін әйгілеп, ата-анасының үмітін ақтап, елге тұтқа боларына сендіретіндей нағыз қазақ тілінде болсыншы, ағайын!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,
"Атырау" газеті