Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты республика тұрғындарына арнаған биылғы Жолдауындағы «Үшiншi кешендi мiндет — еңбек нарығын жаңғырту» атты бөлiмiнде басы артық жұмыс күшi бар өңiрлерден басқа жерлерге, ауылдардан қалаларға жұмыс күшiн ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету жөнiнде орынды атап көрсеткен болатын. Таратып айтқанда, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға байланысты облыстың халқы тығыз орналасқан аудандарынан республикамыздың шалғайдағы өңiрлерiне халықты көшiру мәселесi туралы тереңiрек тоқталды.
Оңтүстiк Қазақстан облысы - артық жұмыс күшi жеткiлiктi, республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтардың бiрi. Оның үстiне өңiрiмiздiң табиғи-климаттық және географиялық жағдайының қолайлы болуы да адам капиталының дамуына оң әсерiн тигiзетiнi сөзсiз. Ресми деректерге жүгiнсек, соңғы бес жылда ОҚО-дағы халық саны 272,8 мыңға немесе 24 пайызға артып, бүгiнде тұрғындар саны 2 861,3 мыңға (оның iшiнде жұмыссыздар саны 62,7 мың) жеттi. Сөйтiп, республика халқының 16,1 пайызын құрап отыр. Iшкi көшi-қон (миграция), яғни халықтың облыстан көшуi мен келуi барысындағы айырмашылықты қоса алғандағы көрсеткiштiң өзi өсу динамикасын байқатады.
Әрине, елiмiздегi үшiншi мегаполис болуға ұмтылған шаһарға қарай халықтың шоғырлана түсуiне заңды құбылыс ретiнде қарауымыз қажет-ақ. Өйткенi, облыс орталығы — Шымкент қаласына қоныс тебушiлер қатары көбейiп тұр. Мұны төмендегi деректер дәлелдей түседi. Бүгiнгi таңда облыс бойынша тұрғын үй салуға жер телiмiн алуға 173 мыңға жуық адамның өтiнiшi тiркелсе, 49 мыңға жуық адам баспана кезегiнде тұр. Ал, осыған әлi де құжаттарын ресiмдеу қарекетiнде жүрген, тiркеуге тұрып үлгермегендердi қосыңыз.
Жалпы, жерi жомарт, елi еңбексүйгiш күнгей аймақтың таңы ерте атып, күнi кеш батады. Жер емген диқандар бау-бақша, жемiс-жидек өсiрiп, өздерiн ғана қамтамасыз етiп қоймай, артылғанын өзге өңiрлерге пұлдай да алады. Мыңғырған мал өсiрiп, олардың етi мен сүтiн, майы мен құртын сатып, нәпақа тауып жатқандары көп. Кәсiпкерлiкке бiржолата бет бұрып, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн терең өңдеумен айналысып, iстiң көзiн тапқан бизнесмендер де баршылық. Бiр сөзбен айтқанда, барлық салада шаруасын өрге домалатқандар жеткiлiктi. Сөзiмiз жалаң болмасын, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының деректерiне жүгiнелiк. Өңiрiмiздiң экономикалық белсендi халқының жұмыспен қамтылғаны 1147,2 мың адам екен. Оның құрамында өздiгiнше жұмыспен қамтылғаны 502,8 мың адамнан асады. Бұл не деген сөз? Бiздiң ағайындардың «жұмыс жоқ» деп жүнi жығыла салмайды. Жоқ жерден жұмыс таба қояды. Өз автокөлiгiн «такси» ете салады. Жүк көлiгiн «пятакқа» қойып, «клиент» күтiп тұрғаны. Үлкендi-кiшiлi кеңсенiң маңайын «ақылы» автотұраққа айналдырып, мәшине кiргiзiп-шығарудан да өз нәпақасын айырып отырғандар аз емес. Жұмыс iздеген адам әйтеуiр «осылай» айналысатын кәсiбiн тауып ала бередi. Нарық заманына бейiм мұндай жандар жалпы жұмыспен қамтылғандардың 43,8 пайызын құрайды екен. Облысымыз бойынша өздiгiнше жұмыспен қамтылғандар үлесi республикада ең жоғары көрсеткiштi көрсетiп отыр.
Өздерiңiзге мәлiм, республикада халқы тығыз орналасқан өңiрлерден халқы сирек орналасқан өңiрлерге халықты қоныстандыру жұмыстары 4 жылдан берi жүзеге асырылып келедi. Осыған байланысты облыс әкiмдiгiнiң 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысымен, 2016 жылы Солтүстiк Қазақстан облысымен халықты жұмыспен қамту жөнiнде ынтымақтастық меморандумдары түзiлдi. Ал, 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберiнде облысымыздан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, олардың көшу шығындары өтелдi. Аталмыш басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңiрдегi уәкiлеттi органдар арқылы мониторинг жұмыстары да жүргiзiлген. Қоныс аударған азаматтардың 48-i ауыл шаруашылығымен айналысса, бiлiм саласында 42 азамат қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, жергiлiктi атқару органдарында—11, қызмет көрсету саласында—12, денсаулық сақтау саласында 7 адам еңбек етiп жүргенi анықталды. Бiздiң өңiрiмiздегi мұндай игiлiктi әрекеттi қанатқақты (пилоттық) жоба ретiнде қарастырып, сәттi өткен эксперимент ретiнде бағалауға болады. Қазақстан Республикасы Үкiметi 2018-2022 жылдарға арналған өз еркiмен қоныс аударушыларды ынталандыру, iшкi көшi-қон саясатын жүзеге асыру мақсатында «Оңтүстiк—Солтүстiк» жобасы дайындалуда. Себебi, республикамыздың солтүстiк облыстары халқының саны (Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар) жыл сайын кеми түсуде.
Ал, шырайлы Шымкентте бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң қатысуымен ағымдағы жылдың сәуiр айында өңiраралық бiрiгудi дамытудың шаралары бiрнеше аудандарда ұйымдастырылды. Мұндай iс-шараға барлығы 5780 азамат қатысып, 672 отбасы (2019 отбасы мүшелерiмен) қоныс аударуға ниет бiлдiрдi. Осы азаматтардың 1008-i еңбекке қабiлеттi болса, олардың 116-сы ауыл шаруашылығымен, 98-i кәсiпкерлiктi дамытумен, 794-i мемлекеттiк кәсiпорындарда жұмыс iстеуге талаптанып отыр.
2017 жылы қоныс аударушы 288 отбасыға квота бекiтiлдi. Демек, квотаға енген бағдарламаға қатысушылардың әрбiр отбасы мүшесiне 35 АЕК мөлшерiнде (79 415 теңге) бiр реттiк субсидия және тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге 12 ай iшiнде 180-360 АЕК мөлшерiнде субсидиялар (408 420-816 840 теңге) берiледi.
Бүгiнгi таңда солтүстiк өңiрлердiң мәлiметiне сәйкес республика бойынша 119 отбасы қоныс аударса, оның 99-ы (262 отбасы мүшелерiмен) Оңтүстiк Қазақстан облысынан (Қостанай — 7, Павлодар — 13, Солтүстiк Қазақстан — 44, Шығыс Қазақстан — 35) өзге өңiрлерге көшпек. Оның iшiнде 64 отбасы нақты квота алу үшiн құжаттарын (Сарыағаш ауданынан — 11, Мақтаарал ауданынан — 3, Шардара ауданынан — 2, Сайрам ауданынан — 12, Түлкiбас ауданынан — 3, Ордабасы ауданынан — 3, Түркiстан қаласынан — 2, Шымкент қаласынан — 28 отбасы) тапсырды.
Әрине, мұндай маңызды iсте қоныс аудару процесiн жылдамдату, туындаған мәселелердi жедел шешу, көшуге ниет бiлдiргендерге тиiмдi жағдай жасау үшiн солтүстiк өңiрлердiң өкiлдерi кезең-кезеңмен облысымызда болып, түсiндiру жұмыстарын жүргiзуде. Бұл қуанарлық жағдай. Талпыныс табыс әкеледi. Нәтижесiнде ерiктi түрде қоныс аударуға 618 мүшесi бар 177 отбасының тiзiмi қалыптастырылды.
Хош, көш көлiктi болғай деп тiлеймiз!
Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».