Спорт журналисі Аслан Каженов еркін күресте Нұрдәулет Сейілбеков есімді спортшыға қастандық жасалып жатқанын айтты. Еркін күрестен әлем чемпионаты Албанияның Тиран қаласында 21-27 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
Бірер күн бұрын Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімін жариялады. Алайда, 74 кг салмақ дәрежесіндегі спортшы әлі анықталмағанын ескерткен еді.
Еркін күрестен 74 кг салмақ дәрежесіндегі түсініспеушілік Нұрдәулет Сейілбеков пен Мурат Джакуповтың арасында болып жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Аслан Каженов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Нұрдәулет Сейілбеков деген кім?
Журналист Аслан Каженовтың айтуынша, жасөспірмдер арасында Азия чемпионатында екінші, Әлем чемпионатында үшінші орын алып, керемет жеңістерімен қуантып, жуырда ғана жастар арасына қосылған спортшы. Сол жастар арасында да Талдықорған қаласындағы іріктеу бәсекесінде 74 келіге дейінгілер арасында қарсылас шақ келтірмей, алдағы дүниежүзілік додаға қатысуға мүмкіндік алған.
Нұрдәулетке қандай қиянат жасалды?
Аслан Каженовтың сөзіне сенсек, федерация басшылығы алдағы әлем чемпионатына барлық додада топ жарған Нұрдәулетті емес дағыстандық Мурат Джакуповты апармақшы.
"Бірақ, күрес түрлеріне жауапты федерация, оның ішінде, бапкерлер құрамы еркін күрестен әлем чемпионатына Нұрдәулетті емес, Дағыстаннан келген Мурат Джакуповты алып кеткісі келеді. Себебі түсініксіз. Нұрдәулет іріктеу бәсекесінің финалында әлгі келімсекті жеңді. Біздің баланың қолын көтерді. Енді әлем чемпионатына барам деп жігерленіп, бүкіл дайындығын соған бағыттап жатқан балуанға тағы да «прикидка» жасайық депті. Не үшін? Неге оның сағын сындырып, тауын шағасыздар? Жеңіп тұрған балаға «прикидка» не керек? Қазақтың осы қазаққа ғана әлі жетеді. Не үшін әлгі легионерді басқа көтересіздер? Неге өзіміздің қаракөз оның алында төмендеуі керек?", — деп жазды ол.
Мурат Джакупов туралы не белгілі?
Ашық дереккөздерде спортшы туралы мәлімет аса көп емес. Еркін күресте 74 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Мурат Алиұлы Джакупов 2001 жылы Ресей Федерациясының құрамындағы Черкесск Республикасының Черкесск қаласында дүниеге келген. 2020 жылы өткен Ресей ішкі біріншілігінде 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы еркін күрестен қола жүлдеге ие болған. 2023-2024 жылдары өткен Қазақстан чемпионатында да қола жүлдегер атанған. Халықаралық спорт шебері.
Журналист Аслан Каженов еркін күрестегі бұл даулы мәселені федерация басшысы Дәулет Тұрлыханов та білетін де айтты.
"Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Құзырлы федерация жағдайды толық баяндап, түсіндірме беруіңізді талап етемін. Одан кейін жастар арасында әлгі келімсек не істеп жүр?! Мемлекет басшысының өзі соңғы жолдауында осы мәселеге ерекше екпін жасап, арнайы тапсырма берді есеп пе?! Оның сіздерге қатысы жоқ па?! Әлде, оған қарсысыздар ма?! Онсыз да ересектер арасында ең көп легионерді осы күрес түрлерінен тарттық. Барлығы дерлік тиісті төлемдері мен сыйақыларын қалтаға басып, кейін өз елдеріне тайып тұрды. Неге содан сабақ алмаймыз? Енді ересектерді қойып, жастар арасына келімсек кіргізе бастадық па? Кімге керек бұл? Кім нақты жауапты? Әлде, қазақ балалары күресе алмай ма? Жоқ. Күреседі. Бірақ, мынадай тірліктер олардың жолын жабады. Ынтасын тұншықтырып, арманын өлтіреді. Осы жағдайдан федерация басшысы Дәулет Тұрлыханов та хабарлар дегенді естідім. Рас па? Дәулет мырза, не дейсіз? Не істейсіз? Қазақтың балалары, оның артында, жалпы қазақтың спорты әбден қор болды ғой...", — дейді журналист.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстан халқына жолдаған жолдауында легионерлерді шақыртуды тоқтатуды тапсырды.
"Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн",– деген еді Мемлекет басшысы.
Нұрдәулет Сейілбеков пен Мурат Джакупов арасындағы мәселені алғашқылардың бірі болып жазған Аслан Каженов бүгін өзіне ақпараттық қысым көрсетіліп жатқанын айтты.
"Кеше күреске қатысты мәселені көтеріп едім. Маған әртүрлі парақшадан ақпараттық шабуылдар бастапты. Оның артында кім тұрғанын да жақсы білемін. Негізі проблеманы айтқан адаммен емес, проблеманың өзімен алысу қажет. Ұзын-сонар мәтінімнен Мурат Джакуповты келімсек дегенімді ұстап алып, соған ғана шүйлігіп жатыр. Иә, әкесі қазақ екен. Енді білдім. Десе де, бұл Муратқа ерекше басымдық беріп, Нұрдәулет Сейілбековты далаға лақтыра салуға болады дегенді білдірмейді", — дейді ол.
Айта кету керек, әзірге екі спортшыға қатысты даулы оқиға жөнінде федерация ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл легионер мәселесін көтерген президент сөзіне қарсы шығу ма?