Ірі телеком-оператор қолданыстағы желіні ADSL технологиясынан GPON-ға алмастырып, одан бөлек жаңа желі төсеу есебінен республика бойынша өзінің желілік инфрақұрылымын дамытуда. Мәселен, бүгін «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында абоненттерді мыстан оптикаға көшіріп, сондай-ақ өңірде жаңа талшықты-оптикалық желі төсеу жұмыстарының барысымен танысты.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы екі жыл бойы компания клиенттерді ескірген технологиядан заманауи желіге көшіретін – «Тазарту» арнайы бағдарламасын кезең-кезеңімен іске асырып келеді. Осы уақыт ішінде республика бойынша «Қазақтелеком» өзінің 140 мыңға жуық абонентін мыстан оптикаға ауыстырды, ал Курчатов пен Степногорск сынды екі қала толығымен оптикалық болды. Биыл телеком-оператор аудан орталықтары мен ауылдардағы клиенттерді көшіре бастады, ADSL-ден 60 мыңнан астам үй шаруашылығын GPON-ға ауыстыру жоспарда бар. Жамбыл облысындағы осындай мысалдардың бірі Бауыржан Момышұлы ауылы болды, бұған дейін мұнда интернетке қолжетімділік өткізу қабілеті төмен мыс технологиясымен шектелген болатын.
«Абоненттерді заманауи талшықты-оптикалық технологияға көшіру компания дамуының стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Біз осы ауқымды жобаны бүкіл Қазақстан бойынша жалғастырып, желіні жаңғырту және дамыту бағдарламасы аясында шамамен 54 мың шақырым мыс желісін ауыстырмақпыз. Бұл тұрғылықты жеріне қарамастан барлық қазақстандыққа телекоммуникациялық қызмет пен цифрлық сервистердің барлық спектрін ұсынып қана қоймай, қызмет сапасын арттырып, арыз-шағым санын азайтуға мүмкіндік береді, өйткені компанияға азаматтардан келіп түскен өтініштердің көпшілігі мыс технологиясымен қосылған интернетке қатысты», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
Бауыржан Момышұлы ауылында компания мамандары бүгінде бірнеше жүз тұрғынды оптикалық желіге ауыстырды. Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері 2 000-нан астам отбасы, ал ел бойынша 17 мыңнан астам отбасы «мыстан» «оптикаға» көшті. Жыл соңына дейін телеком-оператор тағы 46 мың үй шаруашылығында осылай желіні жаңартуды көздеп отыр.
«Мыс технологиясынан 100% бас тарту үшін жергілікті жердің рельефі, магистральдық желіден қашықтығы секілді көптеген факторларға байланысты әртүрлі техникалық шешімдер әзірленуде. Бауыржан Момышұлы ауылы компанияның әдеттегі ресурсын пайдаланып, жаңа оптикалық желі салынған және клиенттерді рекордтық мерзімде «оптикаға» көшіру басталған алғашқы елді мекен болды. Талдаудан бастап алғашқы қосылымдарға дейінгі бүкіл процесске бір айдан астам уақыт кеткен. Нәтижесінде біз жаңа әдістердің сынақтан сәтті өткенін көріп отырмыз және осы тәжірибені басқа аудан орталықтарында пайдаланамыз», - деді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» дивизионы» бірлестігінің Бас директоры Самат Туғанбаев.
Енді ADSL-ден GPON-ға ауысқан қазақстандықтар жоғары жылдамдықты интернетті және «оптика» бойынша қолжетімді қызметтердің толық спектрі: TV+ сервисін, IP-телефония мен цифрлық телевизияның қызығын көре алады. Сонымен қатар, деректердің сапасы мен жылдамдығы үлкен жүктеме кезінде де жоғары болып қалады.
Айта кетейік, абоненттердің мыстан оптикаға көшуінен басқа, «Қазақтелеком» республика бойынша жаңа GPON желісін ауылда да салуды жалғастыруда. Жыл соңына дейін Жамбыл облысында Қордай және Сарыкемер ауылдарындағы 400-ге жуық үйді оптикалық желіге қосу жоспарланған. Сонымен қатар, Сарыкемерде 38 көппәтерлі үйдің құрылысы басталды, онда телекоммуникация операторы оптикалық байланыс желісін салып, жаңа қоныстанушыларға жоғары жылдамдықты интернет ұсынбақ. Сонымен қатар, жыл басынан бері телекоммуникация операторы Тараздағы 14 жаңа құрылысты «оптикаға» қосты, ал жыл соңына дейін GPON технологиясы бойынша қаланың тағы 87 көпқабатты үйі мен 3400-ден астам жер үйге интернет өткізуді жоспарлап отыр.