02 қаз, 2018 сағат 08:33

Қазақстанның сыртқы қарызы 2,2 миллиард долларға азайды

2018 жылғы 2-ші тоқсанда елдің сыртқы борышы 2,2 млрд. АҚШ долларына қысқарған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Азаю төлем балансының операциялары есебінен (Қытайдың үлестес ұйымдарынан және қаржылық ұйымдар синдикаттарынан тартылған сыртқы қарыздарды өтеу, шетел инвесторларының Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноталарына сұранысының азаюы), сонымен қатар операциялық емес өзгерістер (қазақстандық эмитенттердің борыштық бағалы қағаздарының нарықтық құнының төмендеуі, теріс бағам айырмасы) есебінен болды" делінген хабарламада.

2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы қарызы 164,4 млрд. АҚШ доллары болған. Бұл ІЖӨ-ге қатынасы жыл басынан бері 6,3%-ға жақсарып, 96,3%-ды құраған.

Сыртқы қарыздың 63,0%-ын бұрынғысынша фирмааралық берешек, 26,1% байланысты емес кредиторлар алдындағы «Басқа секторлардың» сыртқы борышы, 7,2% мемлекеттік сыртқы борыш (Үкімет пен Ұлттық Банк), 3,7% - «Банктер» секторының сыртқы міндеттемелері (ЕДБ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) алып отыр.

"Талдамалық мақсатта сыртқы борыш құрылымында 2018 жылғы 1 шілдеде 26,5 млрд. АҚШ долларды құрған мемлекет бақылайтын ұйымдардың сыртқы борышы (мемлекеттік сектор капиталына 50%-дан астам тікелей немесе жанама қатысатын банктер мен ұйымдар) жеке көрінеді. 2018 жылғы 2-тоқсанда 0,6 млрд. АҚШ долларына азаю «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың «КМГ Кашаган Б.В.» қомпаниясында 50% қатысу үлесін сатып алу үшін 2015 жылы тартылған қарызын мерзімінен бұрын өтеуі, сондай-ақ квазимемлекеттік эмитенттердің еурооблигацияларының нарықтық құнының төмендеуі есебінен болды" дейді баспасөз өкілдері.