01 жел, 2025 сағат 11:41

Қазақстанның мұнай экспорты қысымда: КТК-ға жасалған шабуылдар нені аңғартады?

Фото: Энергетика министрлігі

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Теңіз терминалына кезекті шабуыл жасалып, салдарынан сыртқы айлақ қондырғысына айтарлықтай зақым келді, деп хабарлады 29 қарашада КҚК баспасөз қызметі.  Бұған дейін дрондар Новороссийскідегі КТК Теңіз терминалының әкімшілік ғимаратын зақымдаған, одан бөлек «Шесхарис», «Кропоткинская» ірі мұнай айдау кешендеріне шабуыл жасаған болатын. Бұл станциялар арқылы қазақстандық мұнай да тасымалданады. Тамызда қазақстандық мұнай жөнелтілетін Ресейдің Усть-Луга порты да украиналықтардың дрон шабуылына тап болды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Украинадағы соғыс әлдеқашан екі елдің энергетикалық инфрақұрылымына соққы беру олардың әскери тактикасының бір бөлігіне айналған деп есептейді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Фото: Ашық дереккөзден

Ресей бірінші болып Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуыл жасап, Украина да қарымта жауап қайтарған тұғын. Саясаттанушының пікірінше Украина қарсыласының "әлсіз тұсы" – Ресейдің әскери бюджетіне қаржы құюға мүмкіндік беретін мұнай-газ инфрақұрылымы. Сондықтан соғысып жатқан екі тарап та қарсыласының қорғанысындағы әлсіз жерлерді іздеп, ракета мен дрон арқылы өзара шабуылдардың санын арттыра береді. 

"Бұл болашақты көздеуге де қажет. Себебі тараптардың әрқайсысы кез келген ықтимал келіссөз процесінде өз қолында артықшылық болғанын қалайды – егер ол келіссөз жалпы басталса", - дейді Досым Сәтпаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.


Осыған байланысты Ресейдің мұнай-газ инфрақұрылымына жасалған дрон шабуылдарының саны көбейді. Алайда бұл мемлекет бюджетінің көп бөлігін мұнай шикізаты құрайтын Қазақстан үшін үлкен қауіп болып отыр. Саясаттанушының сөзінше бұл тікелей немесе жанама түрде Назарбаев дәуіріндегі "алысты көре алмаушылық" қылмысының тұтқынына айналған Қазақстанды да қозғай береді.

"Дәл алғашқы президент тұсында ел әлемдік экономиканың шикізат қосымшасы ретінде тәуелділігін азайтпай, экспорттық мұнай ресурстарының бәрін КТК деп аталатын бір ғана «қоржынға» салып қойды. Әрине, бұл КТК акционерлерінің бәріне, ең алдымен Ресейге тиімді болды. Ал 30 жылдан астам уақытта сол шетелдік компаниялардың қатысуымен өзге балама бағыттарды дамытып қана қоймай, ең алдымен, шикізаттық экономиканың құрылымын өзгертіп, оны шикізат экспортына тәуелділігі аз, анағұрлым әртараптандырылған етуге болар еді.
Қазір ел бір ғана құбырдың тұтқыны болып отыр. Бұл ұзаққа созылады. Жағдайды тез арада түзету мүмкін емес. БТД жақын арада баламаға айналмайды, Қытайға бағытталған мұнай құбыры да солай – онда жалпы мұнай тұтыну біртіндеп азаяды. Айтпақшы, бұл жаһандық тренд жақын болашақта Қазақстан үшін едәуір қауіпті. «Тас дәуірі тас таусылғандықтан аяқталған жоқ. Сол сияқты мұнай дәуірі де мұнай таусылғандықтан аяқталмайды», – деген еді Сауд Арабиясының мұнай өнеркәсібі министрі шейх Ахмед Заки Ямани. Әрине, «жаңа мұнай» ретінде сирек кездесетін металдар мен стратегиялық материалдар келуі мүмкін. Оларды мұнайға қарағанда тасымалдау әлдеқайда жеңіл. Бірақ мұнда да Қазақстанның шикізат жеткізушісі ретінде қалып қою қаупі бар. Нассим Николас Талебтің айтуынша, қандай «қара аққулардың» келетінін білмесеңіз, жүйеңіздің әлсіздігін минимизациялаңыз, сонда ол кез келген жағдайға дайын болады", - дейді Досым Сәтпаев.


Айта кетейік, Каспий құбыр консорциумы Ресей, Қазақстан, АҚШ және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің отын-энергетика саласындағы жетекші кәсіпорындарын біріктіреді. Атап айтқанда, КҚК Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ тәрізді үш ірі кен орнынан мұнай тасымалдауды қамтамасыз етеді. Қазақстан мұнайының 80 % КҚК арқылы тасымалданады.

2024 жылы Қазақстанның мұнай тасымалдау көлемі шамамен 63 мың тоннаны құрады, соның ішінде аталған көлемнің шамамен 74 пайызы шетелдік жүк жөнелтушілердің үлесіне тиесілі. 

Қазақстанның негізгі экспорттық тауары шикі мұнай – 15,7 млрд доллар (52,9%) құрайды.