ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қазақстанның халықаралық резервтері туралы мәліметті жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан халықаралық резервтері Ұлттық қор активтерін қосқанда тамыз соңында $94,1 млрд болған. Тамызда алтын валюталық резервтер $35,4 млрд жетті, бір айда $22 млнға артқанын байқаймыз», - деп хабарлады Ұлттық банк баспасөз қызметі Әлия Молдабековаға сілтеме жасап.
Ұлттық қордың валюталық активтері тамызда $0,44 млрд артып, $58,68 млрд-қа жетті.
«Әлемдік қор нарығындағы оң құбылыстар Ұлттық қор көлеміне де ықпал етті. Акциялардың 6,5%-ға өсуіне, облигация нарығындағы 0,34% өсімге байланысты $1 млрд көлемінде инвестициялық табыс келді. Валюталық түсімдер $112 млн-ға жетті», - деді ол.
Ұлттық қордан тамызда 287 млрд теңге көлемінде кепілдендірілген трансфертке ақша алынды.