Фото: pexels.com
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі аккаунтында қазақстандықтар жол апатынан жиі қаза табатын өңірлерді атап, прокурорларға тапсырма берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бас прокуратура басшысының мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының саны 90%-ға өскен.
"Жол-көлік оқиғалары құрбандарының саны да артып барады. БҚО, ШҚО, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Абай және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Шымкентте үрдіс теріс. Осыған байланысты прокурорларға нақты шараларды әзірлей отырып, ең алдымен жолдардың неғұрлым авариялық-қауіпті учаскелеріне назар аудара отырып, себептерін мемлекеттік органдармен егжей – тегжейлі қарауды тапсырды", - деп жазды Асылов.
Қазақстанда ЖКО санының өсуі туралы бұған дейін ішкі істер министрлігі де мәлімдеген болатын. Ведомство жыл сайын Қазақстан бойынша ЖКО-да 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 19 мыңнан астам адам түрлі жарақат алатынын хабарлаған.