Көрнекі сурет: pixabay.com
Қазақстанда алкогольді тұтыну әр адамға шаққанда жылына 5 литрді құрап, біздің ел бұл көрсеткіш бойынша 180 елдің ішінде 100-орынға жайғасты, деп хабарлайды Energyprom.kz.
Алкогольді ең көп тұтынатын елдер қатарында Латвия (13,2 литр), Молдова (12,9 литр) және Германия (12,8 литр) алдыңғы орындарда тұр. Орталық Азия елдері арасында Қазақстан алкогольді тұтыну бойынша бірінші орында.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың екінші тоқсанында әрбір қазақстандық үй шаруашылығы алкогольді сусындарға орта есеппен 5,5 мың теңге жұмсаған, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға көп.
Алкогольге ең көп қаражат жұмсағандар – Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары (9,5 мың теңге), жылдық өсім 14,8%-ды құрады. Сондай-ақ Павлодар облысы (9,5 мың теңге, минус 2,9%) және Алматы қаласы (8,9 мың теңге, плюс 20,5%) алкогольді ең көп тұтынатын аймақтардың қатарында. Ең аз қаражат жұмсағандар Қызылорда (1,2 мың теңге), Ақтөбе (1,4 мың теңге) және Маңғыстау (1,5 мың теңге) облыстарының тұрғындары болды.
Сарапшылардың айтуынша, ағымдағы жылдың тамыз айында алкогольді сусындар айлық динамикада 0,4%-ға, жылдық динамикада 9,3%-ға қымбаттаған. Бір ай ішінде шараптың бағасы 0,8%-ға, сыраның бағасы 0,5%-ға өскен, ал арақ 0,2%-ға арзандаған. Жылдық динамикада сыра 14,4%-ға, шарап 9,9%-ға, ал арақ 3,6%-ға қымбаттаған.
Өңірлік тұрғыда алкогольдің айлық бағасы Астанада (2,1%-ға), сондай-ақ Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында (әрқайсысында 1,8%-ға) айтарлықтай өскен. Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстарында бағалар өткен айдағы деңгейде қалған. Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында алкоголь арзандаған. Жылдық тұрғыда ең көп өсім Ақмола (17,4%-ға), Қызылорда (16,7%-ға) облыстарында және Шымкентте (14,6%-ға) тіркелді.
Ең аз өсім Павлодар (2,2%-ға), Жетісу (4,7%-ға) және Алматы (5,1%-ға) облыстарында болды.