2020 жылдың жеті айында еліміздің фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 23,2 пайызға өсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі таңда медициналық бетперделер өндірісінің көлемі тәулігіне 1,2 млн дананы құрайды. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабады. Жыл соңына дейін фармацевтикалық компаниялар аталған көрсеткішті тәулігіне 1,5 млн данаға дейін арттыруды жоспарлап отыр», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратында.
Ведомство мәліметінше, өсім «Dolce - Pharm» ЖШС-да шығарылатын өнім көлемінің 67 пайызға артуымен байланысты. Бүгінде аталған фармацевтикалық компания медициналық бетперделердің ірі өндірушілерінің бірі болып саналады. «Dolce-Pharm» тоқылмаған материалдардан түрлі бетперделер шығарады. ⠀
Мысалы, көмір сүзгісі бар маскаларда талшықты белсендірілген көмірден тұратын бірегей сүзгі материалы қолданылады. Бұл сүзгі материалының технологиялық ерекшелігі 99,5 пайыз таза көміртекті қамтиды және зиянды бөлшектерді сіңіре алады. Мұндай материалдың бір граммы 200 мг зиянды заттарды ұстап қалуға қабілетті. Көмір сүзгісі бар бетперделер сүзгіш элемент арқылы зиянды бөлшектер, молекулалар мен вирустардың енуіне жол бермейді. «Көмір» маскасының әдеттегіден айырмашылығы, адамды 4 сағат бойы қорғайды және онда тыныс алу оңай. Сонымен қатар, өндіріс ошағы 3 қабаттан тұратын бірреттік бетперделер және Fish-Type бетперде респираторларын шығарады.
Сондай-ақ 7 айдың қорытындысы бойынша «Химфарм» АҚ-да оң нәтижелерге қол жеткізілді, өндіріс көлемі 9 пайызға өсті. «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу ұлғайтылды. Қазіргі уақытта зауыт антибиотиктердің стерильді ұнтақтары, ампуладағы инъекциялық ерітінділер, инфузиялық ерітінділер, таблеткалар, капсулалар, сашадағы ұнтақтар, сироптар түрінде генерик дәрі-дәрмектерінің 113-тен астам түрін шығарады. Өндірістік процестің барлық кезеңдері тестілеуден өтеді және микробиологиялық тазалыққа сертификатталады. Өнімнің сапасы қазіргі заманауи жабдықтармен жабдықталған компанияның зертханасында бақыланады.