ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.
Бүгінгі күні дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жалпы егін жинау алаңынан 99,4%-ға аяқталды. Әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша майлы дақылдарды жинау жалғасуда.
Республика бойынша егін жинау алаңы 15,8 млн га құрады, гектарына 12,8 центнер орташа өнімділікпен 20,1 млн тонна астық бастырылды.
Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің алынған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлемінде экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.
«Егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталғанын атап өту керек. Бұған қолайлы ауа райы мен шаруалардың техникалық дайындығы ықпал етті. 2019 жылмен салыстырғанда элеваторларға 1 млн тоннаға артық астық жеткізілді, бұл ретте келіп түскен астықтың 80%-ның сапалық сипаттамалары жоғары, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 54,4% құраған болатын», — деді Омаров.
Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыруға қатысты Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне қол жеткізу міндетін алға қойды.
Ішкі нарықты қамтамасыз ету мониторингі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Оның ішінде 12 тауар позициясы бойынша ішкі нарық 100%-ға және одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету 80% және одан асады. Бұл халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымы ФАО-ның жіктемесі бойынша өзін-өзі жеткілікті қамтамасыз ету деңгейі болып саналады.
Тек, азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша ғана өндірісті ұлғайту және ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру шараларын іске асыру қажет. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.
«Бүгінгі таңда министрлік Ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын дайындады. Әрбір бағыт бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы анықталды», — деді Омаров.
Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміздің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58%-ын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтай молықтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фабрикаларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуаттылықтарын кеңейту есебінен 2023 жылдың соңына дейін іске асырылатын болады.
Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен $177 мл долларын немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді, олар қазір валюталық түсім түрінде басқа елдерге кетуде.
«Аталған міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылатын болады. Бұл ішкі нарық қажеттілігін толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді», — деді Омаров.
Жоғарыда аталған 13 инвестициялық жобаны іске асыру үшін қосымша 147 млрд теңге, оның ішінде 69 млрд теңге несие ресурсы қажет.
Жобаларды табысты іске асыру үшін мынадай мәселелерді жедел шешу қажет:
- инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу;
- құс етін өндіруді субсидиялауға және инвестициялық субсидияларға қаражат бөлу;
- құс еті импортына арналған тарифтік квоталарды бөлу тетігін өңдеуші кәсіпорындардың пайдасына өзгерту;
- азық өндіру үшін жер бөлу.
Сүт өнімдері бойынша ішкі нарықта ірімшік пен сүзбе, қоюландырылған және құрғақ сүт бойынша импорт көлемі бар. Сүт шикізатына қайта есептегендегі сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды.
«Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады, бұған қоса, олардың өндірістік қуаты толық жүктелмеген. Сапалы тауарлық сүт шикізатын өндіру көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажет. Сондықтан министрлік орта мерзімді перспективада өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісін ұлғайту міндетін алға қойып отыр», — деді ауыл шаруашылығы министрі.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін министрлік мынадай шаралар қабылдады:
- сүт фермаларын салу кезіндегі міндетті мемлекеттік сараптама талабы алып тасталды, бұл фермаларды жобалау мерзімін алты айдан бір жарым айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
- екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында кредит сомасының 85%-на дейін инвестордың қарыздарын кепілдендіру тетігі енгізілді.
- сүтті, сатып алынған асыл тұқымды малды субсидиялау нормативтері, инвестициялық субсидиялау нормативтері қайта қаралды.
- малдың өзін кепілге қоя отырып, асыл тұқымды малды сатып алуды қаржыландыру құралы енгізілді.
Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің іскерлік белсенділіктеріне оң әсер етті. Егер бұдан бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, ағымдағы жылы 33 сүт фермасы жобасы іске асырылуда.
Жалпы, Кешенді жоспардың индикативтік міндеті аясында жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен алдағы жылға 39 сүт фермасын салу жобалары пысықталды.
Міндеттерді іске асыру үшін кредит беру және мемлекеттік қолдау көрсету мақсаттарына 3 жылға қосымша 147 млрд теңге бөлу қажет.
Шұжық өнімдерінің импорты 33,3 мың тоннаны құрайды, бұл ретте оның 85%-ы көрші Ресейден әкелінеді. Ішкі нарық отандық өндірістің шұжық өнімдерімен 62%-ға қамтамасыз етілген.
Жалпы, ішкі нарықты шұжық өнімдерімен молықтыру жөніндегі міндет ет өңдеуші кәсіпорындарды айналым мақсаттарына қаржыландыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындарды салу бойынша 9 жоба іске асырылуда, олар ішкі нарықты шұжық өнімдерімен қамтамасыз ететін болады.
Министр атап өткендей, қазіргі уақытта республикада жалпы алаңы 35,1 мың га болатын жалпы көлемі 216,5 мың тонна алма өндірумен 34 ірі компания, 195 орта, 1370 шағын шаруашылық және жеке қосалқы шаруашылық айналысады.
Бұл ретте өнеркәсіптік қарқынды бақтарда алманың түсімділігі гектарына 40-45 тоннаны құрайды, ал ұсақ және жеке қосалқы шаруашылықтарда гектарына 7-10 тоннаны құрайды. Сондықтан алма бақтарының алаңдарын ұлғайту бойынша басты назарды ірі және орта шаруашылықтарға аудару керек, ал ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қажет.
«Алманы жалпы тұтыну көлемі 344,3 мың тоннаны, импорт 128 мың тоннаны құрайды. Ішкі нарықты 6,6 мың га жаңа қарқынды бақтар отырғызу есебінен молықтыру болжанып отыр», — деді Омаров.
Жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ шарушылығымен айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласыа шоғырландыру ұсынылады. Аталған өңірлер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өту қажет, алдағы 3 жылға арналған, отырғызу алаңы 5,5 мың га болатын жобалар пулы бар. Жоспарланған алаңдар жобалармен қамтамасыз етілмеген өңірлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізу қажет.
«Бұл жерде Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында 5 мың га бақ отырғызуды көздеп отырған «Гокнур Гида» түрік компаниясымен жобаны іске асыруының маңыздылығына ерекше назар аударғым келеді. Толық жеміс беруге біртіндеп шыға отырып, жылына орта есеппен 2 - 2,2 мың га бақ отырғызу алма тапшылығын толығымен жабуға және 2024 жылы толық өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді сала басшысы.
Саланы қолдау және жобаларды жедел іске асыру мақсатында алдағы үш жыл кезеңінде жоғары дәрежеде мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Бұл инвесторларды ынталандырады және бағдарламаның сәтті болуын қамтамасыз етеді.
Алмадан бөлек, жоғары сапалы көшет материалдарының жетіспеушілігі бар. Жыл сайын басқа елдерден жалпы сомасы 25 млрд теңгеге шамамен 7 млн көшет әкелінеді, бұл ретте олар әрдайым сапалы бола бермейді және кейбірінде түрлі өсімдік аурулары кездеседі.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда Ин-Витро технологиясы бойынша өнімділігі жоғары вируссыз көшет материалын шығаратын зертхана салу жоспарлануда. Зертхананың құны шамамен 10 млрд теңгені құрайды.
Алманың тауарлық және дәмдік сапасын сақтау үшін арнайы газ ортасын қамтамасыз ететін жеміс сақтау қоймалары қуаттының тапшылығы шамамен 80 мың тоннаны құрайды.
Соңғы 5 жылда қант қызылшасы егістіктерінің алаңы 9,8 есе, қант қызылшасының өнімділігі 1,3 есе, ал жалпы жиыны 20 еседен астам ұлғайды.
«Бұл фактілер отандық қант саласының даму әлеуетін тағы да растайды, ол үшін қант қызылшасының егіс алаңын кемінде 2 есе ұлғайту қажет. 90-шы жылдары республиканың 13 өңірінде қант қызылшасы отырғызылғанын ескере отырып, бұл жұмысқа әрбір облыс қатысуы тиіс деп есептейміз», — деді министр.
Қазіргі уақытта отандық өндіріс қантының тапшылығы 240 мың тоннаны немесе қажеттіліктің жартысынан көбін құрайды.
Қант қызылшасы егістерін ұлғайту, заманауи агротехнологияларды, сапалы тұқымдарды пайдалану және техникалық қайта жарақтандыру есебінен оның өнімділігі мен сапасын арттыру арқылы ішкі нарықты молықтыру болжанып отыр.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 4 қант зауытын жаңғырту, сондай-ақ Жамбыл және Павлодар облыстарында жаңа қант зауыттарын салу жобаларын іске асыру қосымша 180 мың тонна қант өндіру арқылы тапшылықты қысқартуға және қамтамасыз ету бойынша 80%-ға шығуға мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде инвестициялық субсидиялау, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасының әр тоннасын субсидиялау түріндегі саланы қолдау шаралары қабылданды. Кешенді жоспарда саланы қолдаудың өзге де шараларын іске асыру жоспарланып отыр.
Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықты молықтыру шараларынан басқа, өңделген өнім экспортына баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша да жұмыс істеу қажет. Бұл да Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілді.
«Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын ұлғайту және ішкі нарықты молықтыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жылда трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды қоса алғанда, 380 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың айналасында агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша 7 экожүйе қалыптастырылатын болады. Салаға 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр», — деп түйіндеді С. Омаров.