20 қар, 2018 сағат 12:42

Қазақстанның ірі электр стансалары жылыту маусымына дайын

Қазақстанның ірі электр стансалары жылыту маусымына толық дайын. Бұл туралы бүгін «Самұрық-Энерго» АҚ Өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Түйтебаев айтты,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні еліміздің көмірмен жұмыс істейтін барлық электр стансаларында нормаға сәйкес пайдаланылатын қатты отын жинақталған. «Самұрық-Энерго» АҚ-ның барлық энергия өндіретін және энергия тарататын ұйымдары жабдықтардың жоспарланған жөндеу жұмыстарын дер уақытында аяқтады. Бекітілген тәртіппен күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындығы туралы паспорттар алынды», - деді ол.

Оның айтуынша, холдингтің «Екібастұз ГРЭС-1», «Екібастұз-ГРЭС-2», «Мойнақ СЭС», «Шардара СЭС», «Алматы электр стансалары» ұйымдары электр және жылу жүктемелері белгіленген кестесінің орындалуын қамтамасыз етіп жатыр.

Сонымен қатар, Серік Түйтебаев «Богатырь көмір» ЖШС жылу беру маусымына дайындық аясында тапсырыс берушілердің барлық сұранысын орындағанын атап өтті. Кеніште өндірілген қатты отынның 80 пайызға жуығы электр энергиясы мен жылу өндіру үшін республиканың энергия өндіруші кәсіпорындарына жіберілген. Жалпы, ағымдағы жылдың 10 айында кеніште 36,5 млн тонна көмір өндірілді.