«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымды бірқатар өзгерістермен бастамақ. Бұл туралы Ұлттық арнаның ресми сайтында хабарланды.
28 тамызда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиа ресурстарында жаңа маусым басталады. Жаңа маусым аясында телерадиокорпорация құрамына енетін арналар мен радиоларда ауқымды өзгерістер орын алады: ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады. Ребрендинг барысында - «Қазақстан» корпорациясының медиаактивтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілді.
Жаңа логотип – корпорация құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы іспетті жасалды.
Жалпы жаңа логотип – корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын, үлкен медиа отбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді.
Логотип жобасын танымал қазақстандық режиссер және дизайнер – Сәкен Жолдас дайындады.
Жаңа маусымда корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары да өзгертіледі. Бұрынғы «Қазақстан – Ақтау», «Қазақстан – Шымкент», «Қазақстан – Қарағанды» және т.б. деген сияқты атаулардың орнына, енді жекелеген, сол аймаққа үйреншікті атаулар енгізілетін болады. Мысалы Mangystau, Ontustik, Saryarqa және т.б. Бұл өзгертулер, аймақтық арналарға ішкі теленарықта дербес жұмыс жүргізуге және аудиторияның кеңеюіне бағытталған.
Одан бөлек телеарналардың графикалық безендірілуі, музыкалық-топтамалары және «Қазақстан» Ұлттық арнасының ресми дауысы да өзгерді. Жалпы ребрендингтің басты мақсаты - корпорацияның барлық медиа активтеріне тән, ұлттық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көрсететін - біртұтас танымал белгі құру.
Жаңа маусымда Қазақстан Ұлттық арнасында түрлі бағыттағы ондаған жоба көрерменге жол тартады. Атап айтсақ, «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын - «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енеді. Оған қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити - шоу жанрындағы бағдарламалар көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын - «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін - «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін - «Ене мен келін».
Сонымен қатар, эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы да орын алады: Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін - «Киелі Қазақстан», сондай-ақ, еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін - «Ұлы дала ұлағаты». Ребрендинг аясында бұрынғы бағдарламалардың да форматы өзгереді. 28 тамыздан бастап, «Қазақстан» Ұлттық арнасы - «Alma TV», «ID TV» сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы HD форматта хабар тарататын болады.