11 ақп, 2020 сағат 11:15

Қазақстанның алтын-валюта қоры артты - Ұлттық банк

ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов еліміздің алтын-валюта қоры туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алдын ала мәліметтер бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 2020 жылдың қаңтарында 1,2 пайызға, яғни 29,3 млрд АҚШ долларына дейін артты. Негізінен, ол алтынға байланысты операцияның жүргізілуі мен оның құнының артуы нәтижесінде мүмкін болды. Алдын ала мәліметке қарағанда, Ұлттық қордың активтері бір айда 1 пайызға төмендеп, 61,1 млрд долларды құрады. Бұған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті бөлу себеп болды», - деді Баймағамбетов Үкімет отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, 1 ақпандағы жағдай бойынша жалпы халықаралық резервтер 90,4 млрд АҚШ долларын қамтыды.

Бұдан бөлек ҰБ өкілі Қазақстан халқының депозиттері туралы айтып берді.

«2019 жылғы желтоқсан айының соңында депозит көлемі 19 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы салымдар 4,1 пайызға, шетел валютасында 3,9 пайызға өсті. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы былтырғы желтоқсан айында 43,1 пайызға дейін төмендеді», - деді Баймағамбетов.

Осы орайда, ол теңгедегі салымдар бойынша ставкалар өзінің тартымдылығын сақтап тұрғанын атап өтті.