© Photo : Unsplash / Patrick Federi
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша жалпы халықтық конкурс өз мәресіне жетті. Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің мәліметінше, ең көп дауыс жинаған «Балқаш» атауы жеңімпаз болып танылды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.
Бұл бастама 2025 жылғы 11 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қолға алынып, 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасында өтті. Конкурсқа 16 жастан асқан 27 157 азамат қатысып, әрқайсысы бір нұсқадан ұсыныс білдірді.
Комиссия қараған 10 460 бірегей атаудың ішінде «Балқаш» ең танымал болып шықты — оны 882 қатысушы ұсынған. Географиялық атауды пайдалану әлемдік тәжірибеге де сай келеді.
Сонымен қатар комиссия нысанның өзге тілдердегі ресми атауларын бекітті:
орыс тілінде — «Атомная электростанция «Балхаш»»;
ағылшын тілінде — «Balkhash Nuclear Power Plant».
Атау қабылдау 10 қазанда сағат 23:59-да аяқталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конкурс болашақ АЭС-тің тарихи, мәдени және ұлттық мәнін айқын көрсететін атауды айқындауды көздеген.
