«Халық заңгері» – әлемде теңдесі жоқ қазақстандық бірегей жоба. Акция республиканың барлық аймақтарында бір уақытта басталып, халыққа тегін заң көмегін көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Іс-шара мемлекеттік органдармен, заңгер ғалымдармен, тәжірибелі адвокаттармен, нотариустармен және сот орындаушыларымен бірлесіп өткізілуде.
Биылғы жылы республикалық акция Қазақстан Республикасы үкіметінің қолдауымен өтті.
Ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Zakon.kz желілік-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы, мемлекеттік органдар, үздік адвокаттар мен заңгерлер болды.
Ауқымды акция аясында 150 мыңнан астам азамат тегін заңгерлік көмек алды.
1000-нан астам сарапшы, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, заңгерлер мен тәжірибелі адвокаттар, нотариустар мен сот орындаушылары бар.
Кеңес алуға жеке келуге мүмкіндігі болмаған азаматтарға Zakon.kz порталы арнайы чат-ботын ашты.
Мамандар Instagram желісінде тікелей байланысқа шығып, қазақстандықтардың ең көп қойылған сұрақтарына жауап берді.
Акция барысында азаматтар көбінесе тұрмыстық қатынастар, мұрагерлікті заңнамалық реттеу, алаяқтық, сондай-ақ неке-отбасы қатынастарын реттеу, еңбек қатынастары және жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдері сынды мәселелері бойынша мамандарға жүгінді.
Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері су тасқынынан келтірілген залалды өтеу тетіктері мен зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы түсіндірме берді.
«Халық заңгері» 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – азаматтардың түйткілді мәселелерін тез әрі дұрыс шешу, сонымен қатар қазақстандықтардың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығын арттыру!