04 шіл, 2017 сағат 18:12

Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан xалқының саны 18 миллион адамға жеткенін мәлімдеді, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, ағымдағы жылы мамыр айында Қазақстан xалқының саны 18 миллионға жетті. Осылайша, 11 мамырда 18 миллионыншы адам дүниеге келді. Ол Алматы облысы Талдықорған қаласының тұрғыны - Мүслима Саматқызы. Мүслима отбасыда екінші бала. Анасы - Омарxанова Диана Ерікқызы, мамандығы - дефектолог. Әкесі - Бестібаев Самат Еркінбекұлы, ұстаз", - деді Сүлейменов Астанада өткен арнайы баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, баланың анасы 1991 жылғы, ал әкесі 1982 жылы туған. Нәрестенің өзі салмағы - 3300 грамм, бойы 51 см болып дүниеге келген.

"Жалпы, тәуелсіздік жылдары халық саны 1 562,5 мың адамға немесе 9,5%-ға өсіп, ағымдағы жылдың 1 маусымға 18 014,2 мың адамды құрады", - деп атап көрсетті министр.

Ал, өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 1991 жылғы 8,2-дан 2016 жылғы 7,4 қайтыс болғандарға төмендеген. Нәресте өлім-жітімі жаңа туған 1000 нәрестеге шаққанда 1991 жылғы 27,3-тен 2016 жылы 8,6-ға дейін азайды.

Халықтың өмір сүру ұзақтығы 1991 жылмен салыстырғанда 4,7 жылға, оның ішінде ерлерде – 5,3, әйелдерде 4,5 жылға өсті. 2016 жылы өмір сүру ұзақтығы 72,3, ерлерде – 67,9, әйелдерде – 76,9 жылды құрады.