21 мамыр мен 1 маусым аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында бокстан ерлер арасында Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан бокс федерациясы мәлім еткеніндей, құрлықтық додада ел намысын қорғайтын спортшылар белгілі болды.
49 кг: Даниял Сәбит
52 кг: Сәкен Бибосынов
56 кг: Сабырхан Махмұд
60 кг: Серік Теміржанов
64 кг: Зәкір Сафиуллин
69 кг: Абылайхан Жүсіпов
75 кг: Әбілхан Аманқұл
81 кг: Бекзат Нұрдәулетов
91 кг: Василий Левит
+91 кг: Қамшыбек Қоңқабаев.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz. сайтына берген сұхбатында былай деді:
«Бұл додаға Олимпиадаға қатысатын боксшыларды түгел алып барамыз. Өйткені, Азия чемпионаты Токио қарсаңындағы ең маңызды дайындық кезеңдерінің бірі саналады. Олимпиадада бақ сынайтын жігіттерді тағы да бір сынап алмақпыз. Сондай-ақ Азия чемпионаты он салмақ дәрежесінде өтетіндіктен, 57 келідегі Серік Теміржановты 60 келіге ауыстырдық. 52 келідегі Сабырхан Махмұд 56 келіде жұдырықтасады. 49 келіде еліміздің ең жас чемпиондарының бірі болған Даниял Сәбитті сынға қостық. Олимпиадашыларға толық мүмкіндік бердік».
Айта кетейік, батысқазақстандық Даниял Сәбит өткен жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында 18 жасында топ жарған болатын.
Сондай-ақ ол биыл Санкт-Петербургте өткен халықаралық жарыста қола жүлдегер атанды.