25 қыр, 2020 сағат 12:53

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 12 триллион теңгеден асты

2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 12,2 триллион теңге болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың қыркүйегіне қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,2 триллион теңге зейнетақы жинағы қалыптасты. Бір жылда зейнетақы жинақтарының сомасы 1,4 триллион теңгеге пара-пар немесе 13% өсті»,– делінген хабарламада.

Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасты, оның мөлшері 11,9 трлн теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 294 млрд теңге, ал ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 2 млрд теңгеден асты.

2020 жылдың басынан бері салымшылардың шоттарына жалпы көлемі 685,6 млрд теңге зейнетақы жарналары аударылған, ол алдыңғы жылдың 8 айындағы көрсеткіштен 8 пайызға жоғары. 

Жыл басынан бергі төлемдер 117,5 млрд теңгені құрады, олардың басым бөлігі жасы бойынша төлемдерге (39,5 млрд теңге), Қазақстан Республикасынан тыс тұрғылықты тұратын жерге кету (23,3 млрд теңге), сақтандыру ұйымдарына аударымдар (31,5 млрд теңге), мұрагерлерге (19,8 млрд теңге), жерлеуге (2,4 млрд теңге) берілген. 

2020 жылдың басынан бастап 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қор салымшыларының шоттарына 871,9 млрд теңге таза инвестициялық табыс есептелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 443,1 млрд теңгеге артық.