Фото: pixabay.com
Биыл туристік жолдама қымбаттағанымен қазақстандықтар Түркияға саяхаттап бару бойынша рекорд жаңартты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Маусым айының қорытындысы бойынша Түркияға туристік жолдама бағасы жылдық мәнде 28,5%, шілдеде 35,5%, тамызда 39,3% көтерілген. Алайда бағаның көтерілуі қазақстандықтарды таңғалдырмаған сияқты.
Жақында Түркияның мәдениет және туризм министрлігі елдеріне келген шетелдіктер туралы жаңа статистиканы жариялады. Нәтижесінде маусым-тамыз айларында Қазақстан азаматтарының Түркияға 440,4 мың рет барғаны белгілі болды.
Қазіргі нәтиже былтырғыдан 7% жоғары ғана емес, сонымен қатар жаз айлары үшін ең жоғары көрсеткіш.
Бұл сол елге кіргендер саны бойынша статистика екенін атап өтейік. Себебі барлық қазақстандықтардың Түркияда қанша уақытқа және не үшін барғаны белгісіз. Бірақ 2022 және 2023 жылдардағы нақты мәліметтерде ең танымал бағыт – Анталия.