29 қыр, 2021 сағат 18:20

Қазақстандықтар Токио олимпиадасында қай спорт түрлерінен табысты өнер көрсетті


Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында қазақстандықтар табысты өнер көрсеткен спорт түрлерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің команданың Токио Олимпиадасындағы өнерін табысы бойынша 4 топқа бөлуге болады. Каратэ, теннис, спорт гимнастикасы, ауыр атлетика бойынша табысты өнер көрсеттік. Садақтан ату, байдарка есу, еркін күрес спортшылары нәтижесін жақсартты. Тасжолдағы велосипед спорты көрсеткішін нашарлатып алды. Бокс, грек-рим күресі, әйелдер жеңіл атлетикасы қанағаттанарлық нәтиже көрсетті. Бұл бағаның бәрі тиісті федерациялармен өткен кездесулер аясында беріліп отыр», - деді комитеттің бас хатшысы. 

Еске салсақ, Ұлттық Олимпиада комитеті бас ассамблеясының отырысында Бақтияр Артаев боксшылардың Токиодағы сәтсіздігі үшін кешірім сұраған болатын. 

«Әрине, Токио Олимпиадасында өте сәтсіз болған көрсеткішіміз үшін кешірім сұраймыз. Алдағы уақытта сараптама, жүйелі жұмыс жасалып, келесі Олимпиада ойындарында өзіміздің бұрынғы көрсеткіштерімізге қайта оралып, жоғары нәтиже көрсетеміз деп сендіргім келеді. Қолдауларыңызға көп рахмет. Әрі қарай жүйелі жұмыс жасап, спорттағы көрсеткіштерімізді жақсартамыз. Ешқандай сұрақ жоқ, рахмет айтқым келеді», - деді мемлекеттік жаттықтырушы.