15 там, 2025 сағат 17:57

Қазақстандықтар мамандық пен оқу орнын таңдауда неге сүйенеді?

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда мемлекеттік грант иегерлерінің есімі белгілі болды. Мамандық пен жоғары оқу орнын таңдау – түлектер мен олардың ата-аналары үшін өмірдегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Бұл шешім тек болашақ мансап жолын ғана емес, сонымен қатар жеке бақыт пен қаржылық тұрақтылықты да айқындайды.

Қоғамдық саясат институтының жүргізген сауалнамасы қазақстандықтардың бұл таңдауда қандай факторларға мән беретінін көрсетті. Соңғы жылдары негізгі басымдық ата-ананың пікірінен жеке ниет пен саналы таңдауға ауысып келеді. Сауалнамаға қатысқандардың 55,8%-ы мамандық таңдауда баланың өз шешімін ескеру маңызды деп санайды.

Қызығы, бұл көзқарас ауыл тұрғындары арасында қала тұрғындарына қарағанда жиі кездеседі. Сондай-ақ ер адамдар бұл пікірді әйелдерге қарағанда көбірек қолдайды.

Респонденттердің 48,2%-ы мамандықты болашақта жоғары табыс табу мүмкіндігіне қарап таңдайды. Ал 36,5%-ы – оқу бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмысқа тұру мүмкіндігін басты фактор деп санайды.

Таңдауға әсер ететін өзге де маңызды себептердің қатарында мемлекеттік грант есебінен тегін оқу мүмкіндігі (29,6%) және мамандық пен жоғары оқу орнының беделі (26,4%) бар.

Зерттеу 2025 жылдың 18 маусымы мен 4 шілдесі аралығында жүргізілді. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2000 қазақстандық қатысты. Ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізілген зерттеудің қателік мөлшері ±2,2%-дан аспайды.