Экономикалық зерттеу институтының әлеуметтік-демографиялық дамуды зерттеу орталығының директоры Батжан Ақмолдина қазақстандық қоғамдағы демографиялық тенденция туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз бала туу мен өлім-жітімі жоғары көрсеткішке ие елден бала туу мен өлім-жітімі төмен көрсеткішке ие елге айналып келеміз. Бұл демографиялық ауысым деп аталады. Дамыған елдер 50-60 жыл бұрын басып кеткен әлемдік тенденция біздің елде жыл санап айқын байқалуда. Бізде дәстүрлі бала туу көрсеткішінің төмендеуімен бұл процесс анық байқалады. Сауалнама жүргізіп, жастардан қанша балалы отбасы болғың келеді деп сұрағанымызда, жартысынан көбі 2-3 бала деп жауап береді. Одан артық бала табуды жөн көрмейді», - деді ол Астанада өткен «Қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасының рөлі» атты дөңгелек үстел отырысының алдында.
Сарапшының айтуынша, бұған әлеуметтік-экономикалық факторлар себеп болып отыр.
«Адамдарға: «Бала санын жоспарлау кезінде материалдық жағдай есепке алынуы керек пе?» деген сұрақ қойылды. Сауалнамаға қатысушылардың 83 пайызы бұл сұраққа «иә» деп жауап беріп отыр. Демек, біз дәстүрлі қалыптан ауытқып барамыз. Біз дәстүрді ұстанған азиялық мемлекет болғанымызға қарамастан, демографиялық ауысымның тенденциясы бізде айқын байқалып келеді», - дейді ол.
Батжан Ақмолдина сонымен қатар, Қазақстанда жастардың ажырасу жағдайы көршілес елдерден қарағанда көп екенін атап өтті.
«ТМД елдерінің ішінде Өзбекстан, Тәжікстан секілді мемлекеттердей некеге тұру көрсеткіші бізде жоғары болғанымен, ол елдермен салыстырғанда Қазақстанда ажырасу жағдайы көп кездеседі. Демек, бізде отбасы институты дәстүрден тыс тегеуріндерге тап болған. Ажырасу жағдайларының көп болғаны - демографиялық ауысымға да өзіндік әсерін тигізіп жатыр», - дейді ол.