18 қаң, 2024 сағат 10:17

Қазақстандықтар 304 мыңнан астам шетелдік көлікті заңдастырған

Фото: iStock

Енді шетелдік нөмірлі көлігін заңдастыруға үлгермеген жүргізушілер жалпы шарттар бойынша тіркелуі керек, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыру жүргізілді.

Заңдастыру шеңберінде барлығы 304 мыңнан астам автокөлік қазақстандық есепке алынды, оның ішінде 21 мың автоконструктор және 55 мың автокөлік уақытша есепке тіркелді.

Заңдыстыру өтпеген шетелдік автокөліктерге қатысты: олар техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келген жағдайда көзделген барлық төлемді төлеумен тіркеуге жатады" - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство автокөлік иелеріне белгіленген тәртіпте тіркелмеген автокөліктерді пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.

Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік көліктерді заңдастыру былтырғы қаңтарда басталған. Өтініштер шілдеге дейін қабылданып, 2023 жылдың аяғына дейін қаралды. Осы уақыт ішінде көлік иелері 200 мың теңге утильалым және тіркеу сомасын төлеп, көліктерін тіркей алды. Полицейлер 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген көліктерді тіркеді.

ІІМ акцияның бір реттік шара екенін, заңдастыру мерзімін ұзарту жоспарда жоқ екенін баса айтты.