Интернационалдық Жазушылар одағы (www.inwriter.ru) Халықаралық Лондон сыйлығына қатысты Ұлыбритания Жазушылар одағымен бірлескен бесжылдық жұмыстың қорытындысын шығарды. Бұл ауқымды жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі жазушыларға өз шығармаларын халықаралық аренада ұсынуға, гранттар мен құрметті атақтарға ие болуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Интернационалдық Жазушылар одағының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, байқауға әлемнің 15 елінен заманауи және дарынды автор - Айзек Адамсон (АҚШ), Мелвин Бёрджесс (Ұлыбритания), Ричард Гловер (Аустралия), Антье Крог (ОАР), Лаймонас Тапинас (Литва), Сергей Лукьяненко (Ресей) және басқалары қатысқан.
Халықаралық Лондон сыйлығы көптеген қатысушыға алға қарай үлкен қадам жасауға көмектесті. Сыйлық алты номинацияға бөлінді және авторлардың кәсіби дәрежесіне сәйкес бірнеше кезеңнен және санаттардан тұрды.
Лонг-парақшаға енген авторлар «Жылдың үздік авторы» атағын алды және «Лондон сыйлығы жазушыны ұсынады» («London Prize presents») сериясымен кітап шығару мүмкіндігіне ие болды.
Халықаралық Лондон сыйлығын ұйымдастырушылардың арқасында әр елдің 500-ден астам ақын-жазушысы әлемдік аренаға шығып, өзін шетелдік аудиторияға таныта алды.
Сыйлық лауреаттары Тауфик Кәрімов (Қазақстан), Дэн Браун (АҚШ), Орр Венди (Аустралия), Даффи Кэрол Энн (Ұлыбритания), Виктория Левина (Израиль), Ли Ми-Юнг (Канада), Павел Губин (АҚШ), Игони Барретт (Нигерия), Хан Ган (Оңтүстік Корея), Луна Эль (Франция), Алиса Липпарт (Норвегия), Олег Штельман (Литва), Сария Маммадова (Әзербайжан), Любовь Пивник (АҚШ) және басқалары болды.
Қазақстандық Тауфик Кәрімов «Жұлдыздар» аталымында «Шағын проза» номинациясы бойынша Чарльз Диккенс сыйлығының лауреаты болды. Оның байқауға қатысқан туындысы – ағылшын және орыс тілдерінде жарық көрген «Fata Morgana» кітабы.
Айта кетейік, Т.Кәрімов Сажида Сулейманова атындағы әдеби сыйлықтың (Татарстан Республикасы) лауреаты, Туссон қаласының (АҚШ) құрметті азаматы.
Орыс, қазақ, татар және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітаптардың авторы, сондай-ақ Қазақстан, Интернационалдық, Ресей, Татарстан және Әзербайжан Жазушылар одақтарының мүшесі. Қазіргі кезде Қазақстан татарлары мен башқұрттарының конгресін басқарады. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік татарлар конгресі ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары.