Қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Чехияның Простеев қаласында челленджер турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Недовесов португалиялық Гонсалу Оливейрамен бірге финалда чехиялықтар Зденек Колар – Роман Жебавыды тізе бүктірді.
Тартысты бәсеке 1:6, 7:6 (7:5), 10:6 есебімен аяқталды.
Қазақстандық-португалиялық жұп 1 сағат 30 минутқа созылған матчта бір эйс жасап, алты брейк-пойнттың біреуін де пайдалана алған жоқ. Есесіне қарсыластары екі мәрте брейк жасады.
Осылайша А.Недовесов өзінің спорттық жолында жұптық сында челленджер додаларында 21-інші, биылғы маусымдағы алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Бұл оның жеке рекордтық көрсеткіші болып табылады.
«Соңғы екі апта мен үшін табысты болды. Әуелі Братиславада, міне, бүгін Простеевте жеңіс тұғырынан көріндік. Енді бір аптадай демалып, сосын Александр Бубликпен бірге Уимблдон жарысына дайындаламын», деді Недовесов.