Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ұзын өлшемді (120 м) темір жол рельстерін шығару зауыты Ресей нарығына темір жол өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Рельс-арқалық өнімдердің қазақстандық өндірушісі «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС (АРБЗ) жасасқан шарттың шеңберінде ағымдағы жылдың соңына дейін «Ресей темір жолдары» ААҚ (РТЖ) қажеттіліктері үшін 50 000 тонна рельсті жеткізу жұмыстарын ұйымдастырады.
Шартқа сәйкес АРБЗ Ресей Федерациясының темір жолдарын жөндеу жұмыстарында пайдалануға арналған ұзындығы 100 және 25 метр ДТ350 санатындағы Р65 типті темір жол рельстерін экспорттайды. Бүгін 900 тонна көлеміндегі рельстің алғашқы партиясы Ресей Федерациясына жөнелтілді.
«Ресей темір жолдары» ААҚ – жалпы ұзындығы 85,6 мың шақырымды құрайтын темір жолдары бар әлемдегі ең ірі үш теміржол компаниясының бірі.
АРБЗ құрылысы 2013 жылдың сәуір айында басталды. Жобаның жалпы құны 82,7 млрд теңгені құрап, қажетті қаржыландырудың 70% дейінгі көлемі «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы, бұдан әрі – ҚДБ) тарапынан Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жобаны 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырумен ұсынылды. Сондай-ақ ҚДБ жобаны құрылыстың барлық кезеңдерінде: жобалаудан бастап іске қосу сәтіне дейін сүйемелдеді. ҚДБ Siemens S.p.А-дан заманауи еуропалық жабдықты сатып алуға 47,7 млн еуро сомасына қарыз, сондай-ақ Жобаны жүзеге асыруға 66,8 млрд теңге сомасына қарыз берді. Бірлесіп қаржыландырушы банк ретінде «Ресей Жинақ банкі» АҚ ЕБ-да қатысқан.
Қазіргі уақытта «АРБЗ» ЖШС – ЕАЭО-дағы жобалық қуаты 200 мың тонна рельсті және 230 мың тонна прокатты құрайтын ұзындығы 120 метрге дейін жететін термобейімделген ұзын өлшемді рельстердің жетекші өндірушілерінің бірі. Аумағы 78,9 га болатын зауытта 800-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Зауыт жалпы темір жол құрылысы үшін де, жоғары жылдамдықты магистральдар үшін де рельстер шығарады. Оның өнімдері Қазақстан, Украина, Ресей және Еуропаның ұлттық стандарттары бойынша сертификатталған.
2016 жылдан бастап қазақстандық темір жолдарды салу және жөндеу барысында 400 мың тоннадан астам АРБЗ өнімі пайдаланылған, бұл шамамен 3 мың шақырымды құрайды. Зауыттың рельстері Ресей, Украина, Эстония, Латвия, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Түрікменстан, Ауғанстан және Түркия елдерінде қолданылады.
Ресей темір жолдары үшін рельстердің прокаты Ақтөбе рельс-арқалық зауытының стратегиялық серіктесі болып табылатын РФ-тың ірі тау-кен металлургиялық холдингінің бірі – «Металлоинвест» құрамына кіретін «Оскол электр металлургиялық комбинаты» АҚ-тың өндіріс дайындамаларынан жүзеге асырылды.
«Соңғы жылдары қазақстандық машина жасау саласының даму қарқыны тұрақты өсіп келеді және Ақтөбе рельс–арқалық зауыты ол салаға айтарлықтай үлес қосуда. Ақтөбе рельс–арқалық зауыты, Қазақстан Даму Банкінің, greenfield жобасы болып табылады.
Бүгін бұл жоба дамудың сенімді векторын көрсетіп, өндіретін өнімін тек Қазақстан нарығына жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар ТМД елдеріне экспорттауда» - деді ҚДБ Клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі дирекциясының аға банкирі Қасым Мұханбетов.
Бүгінгі күні Ақтөбе рельс-арқалық зауыты еуропалық нарыққа темір жол рельстерінің экпорты бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын және осы мақсатта өткен жылдың қараша айында TÜV Rheinland-тың EN 13674-1:2017 стандарты бойынша еуропалық үлгідегі 60Е1 темір жол рельстерін өндіруге сертификатын алғанын атап өткен жөн. Рельстердің бұл түрі Еуропалық Одақ, Балтық жағалауы елдерінде, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада қолданылады. Аталған сертификат қазақстандық рельс-арқалық өнімдерді өткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін әдеттегі Р65 рельстерінен 60Е1 рельстері техникалық параметрлері: рельстің биіктігі, мойынының биіктігі мен қалыңдығы, бастиегінің ені бойынша ерекшеленеді.
Сонымен қатар Ақтөбе рельс-арқалық зауыты ДСТУ 4344:2004 бойынша шығарылған 1 санатты Р65 типті темір жол рельстерінің өндірісін игерді. Осы жұмыстардың нәтижесінде наурыз айында сәйкестік сертификаты алынды, аталған сертификаттың болуы Украина аумағында рельс өнімдерін сатудың қажетті талабы болып табылады.
Аталған іс-шаралар кәсіпорынның да, Қазақстан Республикасының да экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС жаңа өнімнің коммерциялық өндірісіне дайын.