22 шіл, 2024 сағат 16:08

Қазақстандық спортшылар Олимпиадалық қалашыққа жайғасып жатыр


Париж Олимпиадасының басталуына төрт күн қалды. Қазіргі таңда қазақстандық делегация өкілдері Париждегі Олимпиадалық қалашыққа жайғасып жатыр. Төртжылдықтың басты спорттық оқиғасы қарсаңында Olympic.kz ұлттық құрама спортшыларының қазіргі жай-күйімен таныстырады. 

Олимпиадалық құрамадан алғаш болып садақ атудан Қазақстан құрамасы олимпиадалық ауылға жайғасты. Ильфат Абдуллин екінші, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еремин бірінші Олимпиадасына қатысу үшін Париж төрінде дайындалуда. 

Сондай-ақ, қазақ жанкүйерлері жекпе-жегін асыға күтетін отандық боксшылар Парижге ұшып келді. Мырзағали Айтжанов пен Елдос Сайдалин жаттықтыратын ұлттық құрама спортшылары бүгінде олимпиадалық ауылмен танысуда. Бас бапкер Мырзағали Құланұлының айтуынша, қазір команда мүшелері мұндағы күн райына бейімделіп жатыр. 

«Олимпиада ойындарына қатысу үшін Парижге аман-есен жеттік. Олимпиадалық ауылға орналасып, ауа райына, уақыт айырмашылығына бейімделіп жатырмыз. Бүгін жаттығуды бастаймыз.

Кеше айналамызды бақылап, орналасып, фитнес-залдарды көріп, бәрін бір байқап алдық. Олимпиадалық ауылға бір күн түнеп те үлгердік. Ауа райын салқындау. 25 шілде жеребе тартылса, 27 шілде күні жарыс басталады», - дейді бас бапкер Айтжанов. 

Олимпиадалық ауылға орналасқан спортшылар қатарында 27 шілдеде жарыс жолына шығатын тағы бір атлеттеріміз – Нариман  Курбанов пен Милад Карими де бар. Қазіргі таңда спортшылар жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті. 

Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде сынға түсетін тағы бір өкілдеріміз – дзюдошылар. 27 шілде күні ерлер арасында 60 келі салмақта Елдос Сметов, әйелдер арасында 48 келі салмақта Абиба Әбужақынова ел намысын қорғайды.

Бірақ дзюдошыдар олимпиадалық ауылға әлі қоныстанған жоқ. Дзюдодан Қазақстан құрамасы Францияда Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр.

Қазіргі таңда дзюдошылар Францияның Мез қаласында арнайы бағдарлама бойынша Олимпиадаға дайындықтарын пысықтауда. 

Айта кетелік, Париж Олимпиадасының 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 

Жазғы ойындарға Қазақстан сапынан спорттың 25 түрінен 80 атлет қатысады.