Бейжің Олимпиадасында 1500 метрге жарысудан қола жүлдегер атанған ресейлік Семен Елистратов соңғы бір жылда Қазақстан командасымен бірге дайындалып, оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы қазақстандық әріптестеріне алғысын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске сала кетейік, Семенмен бірге финалда жарысқан спортшылар қатарында Әділ Ғалиахметов те бар.
«Бізге Олимпиада қарсаңында жағдай жасағаны үшін қазақ халқына тіземді бүгіп, алғыс айтамын. Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитетіне шексіз рахметімді білдіремін. Қаңтар айында елде тәртіпсіздік басталған кезде бізді стадионға жауып тастап, алаңсыз дайындалуымызға бар күшін салды.
Шорт-тректен Қазақстан командасына, Әділ, Денис, Абзалға, менімен бірге жаттыққан барша қыз-жігіттерге алғысым зор. Менің жаттықтырушым Максимов Андрей Иванович соңғы бір жылда Қазақстан командасының кеңесші бапкері қызметін атқаруда. Мен де бапкерімнің соңынан келдім. Қазақстандық шорт-трекшілер алға басып келеді.
Мәселен, Әділ өзінің алғашқы Олимпиадасында финалға шықты. Мен оған үнемі: «Әділ, жұмыс істе, еңбектен, сол кезде сен де тұғырға шығасың», - деп жиі айтатынмын. Өйткені, оның көздерінен жас кездегі өзімді көремін. Спортшылардың болашағы зор. Барша қазақ халқына үлкен рахмет», - деді Елистратов.
*Максимов Андрей Иванович 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері шорт-тректен Қазақстан командасының кеңесші бапкері қызметін атқаруда. Ол - Олимпиада чемпионы (2014) және Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері (2018,2022) Семен Елистратовтың жеке жаттықтырушысы.