Фото: Халықаралық парапауэрлифтинг федерациясы
Қазақстандық парапауэрлифтингші Давид Дегтярев 2025 жылғы әлем чемпионатында жарқын жеңіске жетіп, үшінші алтын медалін иеленді, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұған дейін ол 2021 жылы Тбилисиде өткен әлем чемпионатында алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алған. Екінші алтынды 2025 жылғы 14 қазанда Мысырда өткен жарыста иеленді. Қазақстан уақытымен кешкі 18:00-ден кейін оған үшінші алтын медаль табысталды.
Әлем чемпионатында марапаттар тек үздік әрекет үшін ғана емес, үш мүмкіндіктегі еңсерілген салмақтың жиынтығы үшін де беріледі. Осылайша, Дегтярев 191 келі көтеріп, күннің үздік нәтижесі үшін бір алтын медаль, ал 567 келі жиынтығы үшін екінші алтын медаль жеңіп алды.
Нәтижесінде, Давид Дегтярев үш дүркін әлем чемпионы атанды және бұл көрсеткішімен Азия рекордын жаңартты.
«Бүгін үш дүркін әлем чемпионы атандым. Қарсыластар өте мықты болды, әсіресе Сальвадордан келген жаңа спортшы лайықты бәсекелес болды. Жарыс өте тартысты өтті. Жеңіс маған бұйырды, өте қуаныштымын. Бапкерлеріме және достарыма шексіз алғысымды білдіремін», – деді спортшы жарыстан кейін.
Айта кетейік, Давид Дегтярев — Паралимпиада ойындарының да екі дүркін чемпионы.
Қазақстан Паралимпиадалық комитетінің президенті Қайрат Боранбаев бұл жетістіктерді былай деп бағалады:
«Біздің парапауэрлифтингшілердің жеңісі – жүйелі жаттығу мен спортшылардың жоғары мотивациясының нәтижесі. Қазақстан құрамасы халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп келеді».
Парапауэрлифтингтен әлем чемпионаты — Paralympic Powerlifting жүйесіндегі ең маңызды жарыстардың бірі. Бұл сында әлемнің ең мықты спортшылары бақ сынайды. 2025 жылғы әлем чемпионатында Давид Дегтяревтен бөлек, өзге қазақстандық спортшылар да жоғары нәтиже көрсетті:
Фариза Төлжан (50 келіге дейінгі салмақ): 298 келі – алтын медаль;
Раушан Қойшыбаева (73 келіге дейін): 330 келі – алтын, ардагерлер арасында алтын және күміс;
Рахметжан Хамаев (88 келіге дейін): 592 келі – күміс медаль.
Чемпионат Мысырда өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 17 спортшы қорғауда.
