17 қар, 2025 сағат 12:36

Қазақстандық науқастарға метастаздарды хирургиялық операциясыз жоюға мүмкіндік беретін заманауи ем жасалуда

Фото: Primeminister.kz

Ұлттық ғылыми онкология орталығында ісіктерді емдеу үшін заманауи желілік үдеткіш қолданылады. Ол көп жағдайда дәстүрлі хирургияға балама ретінде пайдаланылады. Бұл туралы сәулелік терапия бөлімінің меңгерушісі Рауан Райымбеков айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Жүйе радиохирургиялық емдеуге арналған, яғни өте қысқа уақыт ішінде ісікті жоғары дозалы радияциямен «күйдіру» жолымен жүзеге асады. Дәрігердің айтуынша, науқас сеанс кезінде ешқандай қолайсыздық сезінбейді және хирургиялық операциялармен байланысты болатын қауіптер мен асқынуға ұшырамайды, бірден күнделікті тірлігіне орала алады.

Аппаратты әмбебап мақсатта: ісіктерді тек мида ғана емес, басқа да жерлерде емдеу үшін қолдануға болады.

«Бұл радиохирургия деп аталады. Ми метастаздарын дәстүрлі хирургиялық жолмен емдеуге балама әдіс. Науқасқа ашық операция жасалмайды. Яғни, инвазивті емес, анестезиясыз тәсіл. Мұнда  науқас ояу болады. Адамды жатқызамыз да, бір қалыпта қозғалтпай ұстап тұрып, ауру ошағына жоғары дозада сәуле жібереміз. Пациент ештеңе сезбейді, сол ояу қалпында қалады және әрі қарай өзінің күнделікті істерімен айналыса бере алады», — деді Рауан Райымбеков.